Елімізде 25 қазан – Республика күні мерекесі тойланады. Бұл дата – тәуелсіздіктің бастауы саналатын Қазақ КСР-нің Мемлекеттік егемендігі туралы Декларациясы қабылданған күн. Биыл осы маңызды тарихи құжаттың қабылданғанына 35 жыл толып отыр. Егемендікпен қатар есейген буын бүгінде еліміздің түрлі саласында еңбек етіп, қоғамның дамуына өз үлесін қосуда. Солардың қатарында Қонаев қаласының тұрғындары да бар.

Атап айтсақ, Гузаль Абдулова 8 жылдан бері Қонаев қаласының көпсалалы ауруханасында акушер-гинеколог болып қызмет етуде. Ол күн сайын жаңа өмірдің бастауына куә болып, ана мен сәбилердің амандығына жауап береді.

«Республика күнін ерекше сезіммен қарсы аламын. 1990 жылдың 25 қазанында Декларация қабылданды. Сол жылы дүниеге келдім. Бұл – ел тәуелсіздігінің іргесі қаланған маңызды күн. 35 жылдан бері еліміз түрлі қиындықтардан өтіп, жетістіктерге жетті. Әр сәби ашық аспан астында дүниеге келіп жатыр. Мұның өзі барша жұртқа – бақыт. Ендеше, еліміз мәңгілік болсын», – дейді дәрігер.

Ал Серік Ордабаев болса 10 жыл бойы қоғамдық тәртіптің, жол қауіпсіздігінің сақталуына үлес қосып келеді. Ол Отанына адал қызмет етуді азаматтық борышы деп есептейді. Қонаев қаласы Патрульдік полиция қызметі инспекторының да жасы 35-те.а

«Мен үшін «егемендік» ұғымы отбасымның амандығымен үндеседі. Отансыз адам – ормансыз бұлбұл тәрізді. Жұбайым екеуміз елімізбен бірге өсіп-өніп келеміз. Тәуелсіздік ұрпақтарын тәрбиелеп отырмыз. Мерекемен баршаңызды құттықтаймын» – деді аға лейтенант.

Өскелең ұрпақтың бойына патриоттық пен ұлтжандылықты, отансүйгіштікті сіңіріп жүрген ұлағатты ұстаздардың бірі Ғалия Можанова да еліміздің егемендігі – болашаққа жасалған сенімді қадам екендігін тілге тиек етті.а

Осылайша тәуелсіздік құрдастарының өмір жолы елмен бірге қалыптасып, мемлекетпен бірге кемелденіп келеді. Олардың еңбектегі табандылықтары тәуелсіз Қазақстанның гүлденуі мен дамуына сүбелі септігін тигізуде.

Алматы облысы.