Елімізде Ұлттық бейнемониторинг жүйесі құрылып жатыр .
Жүйенің операторы ретінде "Қазақтелеком" белгіленген. Бұл туралы "Қазақтелеком" АҚ бас әкімшілік директоры Ержан Мейрамов айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Ұлттық бейнемониторинг жүйесі барлық бейнеағындарды бір жерде жинақтап, өңдеуге мүмкіндік береді. Жүйенің операторы ретінде Қазақтелеком белгіленген. Оған аймақтық және қалалық деңгейдегі камералар, соның ішінде қаланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету аясында жұмыс істеп тұрған камералар қосылады", – деді "Қазақтелеком" АҚ бас әкімшілік директоры Ержан Мейрамов.
Оның айтуынша, жаңа жүйе жол қозғалысы ережелерінің бұзылуын тіркеумен қатар, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету сияқты міндеттерге де қолданылмақ.
"Айыппұл үшін ғана емес. Шын мәнінде, бұл жүйенің қолдану ауқымы әлдеқайда кең. Мәселен, әкімдіктер үшін бұл заңсыз қоқыс тастау немесе басқа да құқық бұзушылықтарды бақылау болуы мүмкін. Камераны қай жерге орналастыру керек екенін әкімдіктер өздері белгілейді", – деді Ержан Мейрамов.