Республика күні тек елде ғана емес, шетелде де кеңінен аталып өтеді. Қытайда мереке қарсаңында шағын футболдан жарыс өтті. Оған дипломаттар, кәсіпкерлер, ұлттық компаниялардың қызметкерлері қатысты.
Республика күніне арналған турнир Бейжің қаласында өтті. Оған осы елде түрлі салада еңбек етіп жүрген қазақстандықтар атсалысты. Мерекелік жарыста "Бірлік" пен "Достық", "Айбын" мен "Намыс" және "Қыран" командарлары өнер көрсетті. Ойыншыларды қолдауға студент жастар отбасылары мен оқушылар келді.
Мадина Оразбекова, жанкүйер:
- Біз жолдасымды қолдау үшін жанкүйер болып келдік. Қызыммен бірге. Футбол құрамамызды қолдаймыз. Тек алға!
Ирина Яхярова, жанкүйер:
- Бейжіңде мұндай іс-шаралар жиі өткізіліп тұрады. Бүгінгі әріптестерімізді қолдауға келдік. Көңіл-күйіміз өте жоғары. Бұл турнирде жолдасым мен ұлым ойнап жүр. Қатысушыларға жеңіс тілеймін. Бүкіл қазақстандықтарды Ұлттық мерекемен құттықтаймын!
Шағын футбол айналмалы жүйе бойынша өтті. Қатысқан бес команда бір-бірімен ойнап, ең көп ұпай жинағандары финалға шықты. Ақтық бәсекеде Ұлттық компаниялардан құралған Бірлік тобы жеңіске жетті. Жарысты Қазақстанның Қытайдағы елшілігі ұйымдастырды. Іс-шара салауатты өмір салтын насихаттап, өзара қарым-қатынасты нығайтуға бағытталды. Айта кету керек, бүгінде Бейжіңде 200-ден астам компания өкілдері еңбек етеді. Сондай- ақ 4500-ге жуық студент білім алып жүр.
Ерік Әубәкіров, «ҚТЖ» АҚ Қытайдағы өкілі:
- Бірлік Ұлттық командамыз бірінші ойынды жеңіспен аяқтады. Көңіл-күйіміз көтеріңкі. Жанкүйерлеріміз де бар. Балалар, жұбайларымыз жанұямызбен келіп қызықты өтіп жатыр.
Қайыржан Ерманов, Қытайдағы қоғамдық кеңестің төрағасы:
- Біз 25 қазанда болатын мерекемізді ертерек бастап, ең басты мақсат осы Пекинде жүрген Қазақстан азаматтарын жинап біріктіріп осындай мемлекеттік мерекемізді осылай жақсылап атап өту.
Жарыс нәтижесінде ойыншылар "үздік шабуылшы", "үздік қақпашы" номинациялары бойынша марапатталды. Ал ерекше ынта білдірген жанкүйерлерге арнайы сыйлықтар берілді.
Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Мадияр Ерсайын