Қостанайдың №2 сотында облыстық аурухананың дәрігері Антон Кистановқа жасалған шабуыл бойынша сот үкімі шықты.
Бұған дейін қабылдау бөлімінің фельдшері Салтанат Иманталиева оқиға кезінде науқас пен дәрігер арасындағы жанжалды көрмегенін айтқан еді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
– Мен дәрігерді есін жиғызуға кірістім. Қасында оны ұрған пациент тұрды. Не болғанын сұрадым, "неге дәрігерге қол көтердіңіз?" дедім. Ол "Өзі кінәлі" деген секілді сөз айтты, – деді Салтанат Иманталиева.
Айыпталушы Абылайхан Сәрінжіпов бұрын да қылмыстық және әкімшілік жауапқа тартылған. Осы жолы оған тағылған айып Қылмыстық кодекстің 114-бабының 4-бөлімі "Абайсызда ауыр зиян келтіру" болды.
Сот оны 6 айға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды.
Сонымен қатар, сот ол зардап шеккендерге шамамен 39 мың теңге өтемақы және дәрігер Антон Кистановқа 2,5 миллион теңге өтемақы төлеуді міндеттеді.
Соттың сөзінше, А.Сәрінжіпов дәрігерге еркімен ауыр зиян келтіруді мақсат етпеген, оның әрекеттерінің ауыр зардаптарын алдын ала болжамаған. Ең кейінгі үкімге әсер еткен фактор – оның үш кәмелетке толмаған баласының болуы.