Cу саласында жасанды интеллектіні қолдану тіршілік нәрін пайдаланудың ашықтығын қамтамасыз етеді және су шығынын азайтуға мүмкіндік береді. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектеновтің Халықаралық Аралды құтқару қоры басқармасының отырысына қатысушылармен кездесуінде айтылды.

Жиында Арал теңізіндегі су деңгейін арттыру жөніндегі бірлескен шаралар, соның ішінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдауда айқындаған бастамалары талқыланды.

Үкімет басшысы теңізі бассейнінде су ресурстарын есепке алудың, мониторинг жүргізудің, басқарудың және бөлудің бірыңғай автоматтандырылған жүйесін енгізу бойынша бірлескен жұмыстың маңыздылығын атап өтті.

Олжас Бектенов , ҚР Премьер-Министрі:

- Әр елдің өз ұлттық мүддесі бар, біз оны қашан да қорғауға міндеттіміз. Алайда біздің ортақ стратегиялық, ұзақмерзімді басым мақсатымыз тату көршілік қарым-қатынас екеніне сенімдімін. Күнделікті, қысқамерзімді міндеттерді шешуде біз ұзақмерзімді басымдықтарға нұқсан келтірмеуіміз керек. Мәселелерді әрқашан өзара тиімді әрі қолайлы негізде шешу үшін бірлескен шаралар қабылдайтынымызға сенімдімін.