Ресей президенті Владимир Путин Ақтауда апатқа ұшыраған AZAL әуе компаниясының ұшағының құлауына себеп болған факторлардың бірі ретінде украиналық ұшқышсыз аппаратты (дронды) атады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Бұл туралы ол Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевпен кездесу барысында мәлімдеді. Бұл кездесу — ұшақ апатынан кейін екі ел басшыларының алғашқы жүздесуі.

Ресейлік мемлекеттік ақпарат агенттіктерінің хабарлауынша, Путин кездесуді апат мәселесінен бастауды ұсынған.

«Бұл қайғылы оқиға Ресей әуе кеңістігінде болғаны үшін мен өз кешірімімді білдірдім. Қаза тапқандардың отбасыларына тағы да шын жүректен көңіл айтамын», – деді Владимир Путин.

Сондай-ақ Ресей президенті авиакатастрофа себебін анықтау кезінде украин дронының әуеде болғаны белгілі болғанын, бұл оқиғаның мән-жайына әсер етуі мүмкін екенін атап өтті.

Айта кетейік, Ақтау маңында болған AZAL әуе компаниясына тиесілі жолаушылар ұшағының апаты екі ел арасындағы қарым-қатынасқа салқындық әкелген еді. Қазіргі уақытта апаттың нақты себептері бойынша тергеу жалғасып жатыр.