Кейбірінде өндірістік база, білікті инженерлер, нақты жобаларға қатысу тәжірибесі болмаған.
Талдау нәтижесі көптеген компаниялар мен лицензиялардың тек қағаз жүзінде ғана бар екенін көрсетті. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Мәжілісте жаңа Құрылыс кодексінің жобасы таныстырылды.
"Қазір салада шамамен 80 мыңға жуық лицензия тіркелген. Олардың 58 500-ден астамы құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге, 16 500-ден астамы жобалауға, 5 мыңнан астамы құрылыс алдындағы зерттеу жұмыстарына берілген. Бұл көрсеткіш құрылыс нарығының ауқымын көрсетеді. Алайда, талдау нәтижесінде көптеген компаниялар мен лицензиялардың тек қағаз жүзінде ғана бар екені анықталды. Олардың басым бөлігінде өндірістік база да, білікті инженерлер де, нақты жобаларға қатысу тәжірибесі де жоқ", – деді ведомство басшысы.
Ерсайын Нағаспаев мұндай жағдай мемлекеттік тапсырыстарға жалған компаниялардың қатысуына жол ашып, саладағы еңбек нарығының шынайы жағдайын көрсетпей отыр деген пікірде.
Енді бұл мәселені шешу үшін мемлекеттік ақпараттық жүйелермен өзара интеграцияланған лицензиаттардың электрондық тізілімі құрылады. Ол берілген барлық рұқсаттарды қайта қарап, заң талаптарына сәйкестігін автоматты түрде тексереді. Осылайша сәйкес келмейтін компаниялар тізілімге енбейді.
Министр бұл адами фактор мен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтады деп отыр.