Бүгінде Қазақстанда мемлекеттік бюджеттен төленетін зейнетақыға салық салынбайды. Ал Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) алынатын төлемдерге 10% мөлшерінде жеке табыс салығы (ЖТС) салынады

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы baq.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Яғни, азаматтардың еңбек өтілі бойынша жиналған зейнетақысы (МЗЖ, МКЗЖ, ЕЗЖ) салық салынатын табыс ретінде қарастырылады. Салық жарна аудару кезінде емес, зейнетақы төлемін алу кезінде ұсталатынын ескеру керек.

БЖЗҚ хабарлағандай, бұл норма 2025 жылдың соңына дейін қолданыста болады.

2026 жылы не өзгереді?

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енетін жаңа Салық кодексіне сәйкес:

  • БЖЗҚ-дан төленетін барлық зейнетақы түрлерінен жеке табыс салығы ұсталмайды;
  • Бұл өзгеріс сондай-ақ біржолғы зейнетақы төлемдеріне (БЗТ) де қатысты (мысалы, тұрғын үй сатып алуға немесе емделуге алынатын қаражат);
  • Бұған дейін БЗТ алып, салық төлеу міндетін кейінге қалдырған азаматтар да 2026 жылдан бастап ЖТС-тен толық босатылады.

Кімдерге салық сақталады?

Жаңа өзгерістер Қазақстан резиденті болып табылатын азаматтарға қатысты. Ал елдің резиденті болып саналмайтын тұлғаларға бұл жеңілдік қолданылмайды.