Былтырғы жылыту маусымында технологиялық сипаттағы бұзушылықтар тіркелді.
Өнеркәсіп министрі Ерсайын Нағаспаев елдегі инженерлік желілердің орташа тозу деңгейі 49% екенін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Жыл сайын жылу және су жабдықтары мен су бұру жүйелерінің тозуына байланысты технологиялық апат туындау қаупі бар. Өткен жылдың жылыту маусымында жылу желілерінде 53, су және кәріз желілерінде 264 технологиялық сипаттағы бұзушылықтар тіркелді", — деді министр Үкімет отырысында.
Айтуынша, олардың дені Абай, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қарағанды облыстарында және Астана қаласында тіркелді.
Еліміз бойынша инженерлік желілердің ұзындығы шамамен 137 мың шақырымға тең.
"Орташа тозу деңгейі – 49 пайыз, ауыстыруды қажет ететіні – шамамен 67 мың шақырым. Ең көп тозған инженерлік желілер Павлодар, Қарағанды, Абай, Шығыс Қазақстан, Ұлытау және Солтүстік Қазақстан облыстарында тіркелген. Осы жылы республикалық бюджеттен сумен жабдықтау объектілерін салу және қайта жаңарту үшін 176 миллиард теңге қарастырылды. Жалпы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2030 жылға дейін тозған инженерлік желілерді 40 пайызға дейін төмендету жоспарланған", — деді Өнеркәсіп министрі Ерсайын Нағаспаев.
Айта кету керек, осыған дейін өткен жылыту маусымы тұрақты өткенін жазған едік.