Алматыда А.К. Әбдіжапаровқа қатысты мемлекет меншігіндегі жер телімдерін алаяқтық жолмен иемдену дерегі бойынша айыптау үкімі шықты, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл қылмыстық істі ҚМА Алматы қаласы бойынша департаменті тергеді.

Не анықталды?

Алматы қаласы әкімдігінің қаулысымен уақытша пайдалану құқығымен "Алматы" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы" АҚ-ға Жуков көшесі, 67-учаске (2,3 гектар жер) және Жамақаев көшесі, 77-учаске (6,3 гектар жер) мекенжайларында орналасқан жер телімдері 5 жыл мерзімге берілген.

Бұрын "Азаматтарға арналған үкімет" коммерциялық емес акционерлік қоғамының қызметкері болып жұмыс істеген Әбдіжапаров жылжымайтын мүлікті тіркеу жүйесі қалай жұмыс істейтінін біліп, уәкілетті органдарға жер телімдерін уақытша пайдаланудан бас тарту туралы жалған келісімдер мен жер телімдері жеке меншікке берілді деген жалған әкімдік қаулыларын тапсырған.

Алайда мұндай қаулыларды әкімдік шығармаған. Осының салдарынан ол жер телімдерін заңсыз түрде өзінің "Айша Групп" ЖШС-нің атына қайта тіркеген. Кейін бұл жер телімдерін үшінші тұлғаларға 1,3 млрд теңгеге сатып жіберген.

Сот шешімі

Сот санкциясымен нарықтағы құны 13,6 млрд теңге болатын жер телімдеріне тыйым салынды. Сот үкімімен Әбдіжапаров ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағы (ірі мөлшердегі алаяқтық) бойынша кінәлі деп танылып, оған 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Жер телімдері мемлекет меншігіне қайтарылды, олардың аумағында инновациялық хаб салу жоспарланып отыр. Сот үкімі заңды күшіне енді.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз