Қазақстанда 500-ге жуық сәулет және қала құрылысы ескерткіштері жеке субъектілердің меншігінде.
Қазақстанда 25 мыңнан астам тарихи-мәдени мұра объектілері бар. Ал қызметі тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғауға және басқаруға бағытталған 32 мемлекеттік ұйым ғана жұмыс істейді. Оның ішінде 12 республикалық музей-қорығы, 4 коммуналдық музей-қорығы және 16 облыстық тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау орталығы бар. Бұл туралы үкімет басшысының орынбасары Ермек Көшербаев мәжіліс депутаттарына берген жауабында хабарлады.
"Елімізде 25 мыңнан астам тарихи-мәдени мұра объектілері бар екенін ескерсек, бұл көрсеткіштің төмен екені рас. Қазақстан Республикасы, жеке және заңды тұлғалар тарихи-мәдени мұра объектілеріне меншік құқығы субъектілері болып саналады. Бүгінгі күні елімізде 500-ге жуық сәулет және қала құрылысы ескерткіштері жеке субъектілердің меншігінде. Ал тарихи кесенелер жайлы айтар болсақ, ол – қайтыс болған адамдарды жерлеу орындары және осы орайда мемлекеттік мүлік ретінде тіркелмейді", – деді Ермек Көшербаев.
Оқи отырыңыз: Түркістан облысындағы Ақбикеш кесенесін қалпына келтіру жұмыстары көктемде басталады
Үкімет өкілінің айтуынша, Қазақстан Республикасының атынан халықаралық және республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштеріне меншік иесінің өкілеттіктерін – Мәдениет және ақпарат министрлігі, ал жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштеріне жергілікті атқарушы органдары жүзеге асырады. Бәйдібек ата, Домалақ ана кесенелері, Ақмешіт үңгірі жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізімінде болса, Қос ана кесенесі тарихи-мәдени мұра объектілерінің алдын ала есепке алу тізіміне енгізілген.
"Алайда халық арасынан кейбір адамдар оларға иелік етуде. Осы орайда Түркістан облысының әкімдігі Домалақ ана, Бәйдібек ата кесенелері, Ақмешіт үңгірі бойынша олардың меншіктік тиесілігін ажырату жұмыстарын жүргізуде. Ақсүмбе (Ақбикеш) мұнарасы 5 метр биіктікте сақталған тарихи нұсқасы оның сыртынан диаметрі кеңейтіліп тұрғызылған жаңа қабаттың ішінде сақталып қалды. Оны сақтау шаралары барынша республикалық бюджеттің шеңберінде қамтамасыз етілетін болады", – деп жауап берді Ермек Көшербаев.