2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында Алматы қаласына 1,14 миллионнан астам турист келген.

Бұл туралы Қалалық туризм басқармасы хабарлады.

Ресми мәліметке сәйкес, туристердің 323,5 мыңы – шетел азаматтары, ал 816,5 мыңы – еліміздің өзге өңірлерінен келген ішкі туристер. Шетелдік меймандар арасында Алматыға ең көп келгендер – Қытай азаматтары. Алты айда қалада 54,1 мың қытайлық саяхатшы аялдаған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 33,4 пайызға көп.

Қытайдан кейінгі орында – Үндістан (56,2 мың адам). Сондай-ақ алғашқы бестікке Түркия (17,9 мың), Корея Республикасы (9,7 мың) және АҚШ (9,6 мың) кірген. Бұдан бөлек, Біріккен Араб Әмірліктері (6,7 мың) мен Германиядан (6,5 мың) келген туристер саны да елеулі.

Сала мамандары туристер ағынының артуын Алматыдағы туристік инфрақұрылымның дамуы мен қонақтарға арналған заманауи сервистердің енгізілуімен байланыстырып отыр. Қалалық туризм басқармасының мәліметінше, Алматы бүгінде демалыс пен іскерлік туризм бағытында өз позициясын нығайтып келеді.

Айта кетейік, 2025 жылы Алматы CNN арнасы ұсынған «Әлемнің үздік туристік бағыттары» тізіміне енсе, Booking.com платформасында «жылдың трендтік бағыттарының» бірі ретінде танылған.