Күнтізбенің жаңа парағы ашылып, 31 арна күзгі телемаусымын бастайды .

Бұл маусымда көрерменді өмірден алынған шынайы оқиғалар, тұсаукесерлер мен ел көкейіндегі мәселелерді көтеретін жобалар күтеді. Эфирде – жаңа бағдарламалар, жаңа жүргізушілер және 31 арнаға тән сапалы кинолар көрсетілмек.

Көрермен назарына ең үздік ақпараттық бағдарлама "Информбюро", сонымен қатар Руслан Өтепбай жүргізетін "Әділдік алаңы" ток-шоуының тұсаукесері және әртүрлі жанрдағы төрт телехикая көгілдір экранға жол тартады.

"Информбюро" – еліміздегі ең танымал ақпараттық жобалардың бірі. Жылдар бойы көрермен сенімінен шыққан бұл бағдарлама шынайы дерекке сүйеніп, объективті әрі өзекті мәселені халыққа жеткізуімен ерекшеленеді. Жаңа телемаусымда бағдарлама тағы бір есіммен толықты. Жүргізушілер қатарына 17 жылдық тәжірибесі бар журналист Нұрсұлтан Біләл қосылды. Ол бұған дейін тележүргізуші, продюсер, шеф-редактор және тікелей эфирдегі қоғамдық-саяси жобалардың жетекшісі ретінде жұмыс істеген. Нұрсұлтан – күрделі тақырыптарды терең түсініп, аудиториямен сенімді диалог орната алатын мықты маман.

Сонымен қатар, 31 арна қоғамдық бағыттағы жобаларға да тың серпін беріп отыр. Биылғы телемаусымда көрерменге ерекше форматтағы жаңа жоба – "Әділдік алаңы" ток-шоуы ұсынылды. Жүргізушісі – көпшіліктің ықыласына бөленген Руслан Өтепбай.

"Бағдарламаның алғашқы шығарылымы 25 тамызда халықтың назарына жол тартты. Анонс жарияланған сәттен бастап-ақ көрермендер тарапынан қызығушылық тудырып, үлкен сұранысқа ие болып, әлеуметтік желілерде қызу талқылануда. Бұл – жай ғана ток-шоу емес, бұл – халықтың жанайқайын еститін ашық алаң. Көрерменге көмек қолын созу – жобаның басты мақсаты. Сол үшін арнайы заңгерлер, дәрігерлер, психологтар қатысып, практикалық кеңестер беріп, көрермен сауалдарына жауап береді", – дейді 31 арнаның телевизиялық өндіріс жөніндегі бас директордың орынбасары Анар Ибраева.

Ақпараттық және қоғамдық бағдарламалардан бөлек, 31 арнаның күзгі маусымы көркем шығармалардың тұсаукесерімен қуантпақ. Жаңа маусымда бірден төрт жаңа жоба көрермен назарына ұсынылады.

Олардың бірі – террорлық актіні болдырмауға арналған он екі бөлімнен тұратын "ТОР" телехикаясы. Операция тобы үш террористі қолға түсіреді, олардың ішінде жасөспірім де бар. Бұл оқиға арнайы бөлім офицері үшін жеке трагедияға айналады: себебі ұсталған жасөспірім – оның ұлы, олар ажырасқаннан кейін баласымен жақын араласпаған. Кейіпкер уақытша қызметтен шеттетіліп, өз бетімен тергеу жүргізе бастайды. Оның мақсаты – жасөспірімдерді радикалдардың ықпалынан сақтап, ұлының жолын қайталамау үшін рекрутинг желісін бұзу. Жобаның соңғы бөлімінде кәмелетке толмағандар колониясынан алынған құжаттық кадрлар көрсетіледі. Сол жерде нақты жасөспірімдер радикалдардың ықпалында қалай қалғандары туралы оқиғаларын ашық көрсетеді.

"Фаризажан" – қазақтың аңызға айналған ақын қызы Фариза Оңғарсыноваға арналған өмір жолын баяндайды. Бұл телехикая оның Атырау даласындағы балалық шағынан бастап, парламент алаңындағы күресі туралы өмір жолын, өнерін және поэзиясын көрсетеді. Оның шығармашылығы ұлттың ажырамас бөлігіне айналған. Телехикаяда сол кезеңнің көрнекті тұлғалары – Мұқағали Мақатаев, Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбаев сынды мәдениет пен әдебиеттің қайраткерлерін де көре аласыздар.

"Ұшқын" драмасы бала кезден ата-анасынан айырылып, жетімдік пен ауыр сынақтардан өткен, бірақ өзіне деген сенімін сақтап қалған қос бауырдың хикаясы. Ол өскен соң ТЖ қызметінің құтқарушысы болып жұмыс істейді. 2024 жылғы су тасқыны сияқты ірі апаттарды жоюға қатысады. Алайда тағдыр оны сынауын тоқтатпайды. Кейіпкер бала кезде ата-анасынан айырған адамды құтқаруға мәжбүр болады. Бұл – төзімділік, адамгершілік құндылықтар және өшпенділік пен парыз арасындағы таңдау туралы ерекше оқиғаны баяндайтын драма.

"Әке" – 10 бөлімнен тұратын отбасылық драма. Телехикая ата-ананың ажырасуы баланың тағдырына қалай әсер ететінін шынайы түрде көрсетеді. Анасы шетелге кетіп, екі баланың барлық жауапкершілігі әкесі Берікке жүктеледі. Ол кенеттен жалғыздық, тұрақсыз жұмыс, баспана тапшылығы және күнделікті тіршіліктің таусылмас қиындықтарымен бетпе-бет келеді. Бір оқиға оны ток-шоуға баруға мәжбүр етеді. Онда жалғыз басты әкенің шынайы оқиғасы қоғамда үлкен үн туғызады. Бұл сюжет еліміздегі өзекті мәселелердің бірін – анасыз балаларды тәрбиелеп отырған 120 мыңнан астам әкенің өмірін де бейнелейді.

Күзгі маусымда 31 арнада көптеген әлемдік тұсаукесерлер мен отандық фильмдер көрсетілмек.

31 арна өз бағытын өзгертпейді – шындықты ашық айтып, ең үздік киноларды ұсынып, әрдайым көрерменге жақын болады.

"Біз үшін басты құндылық – көрерменнің сенімі. Биылғы маусым ерекше болмақ: ашық әңгіме, өмірге қажет жобалар мен әр жүрекке әсер ететін оқиғаларды ұсынамыз", – дейді "31 Медиахолдингінің" бас директоры Бек Кенжебай.


Оқи отырыңыз:

31 арнадағы эксклюзив: халықтың сүйікті жүргізушісі Руслан Өтепбай эфирге қайта оралады