Ағасының денесін алып кете алмай, түні бойы сандалған азамат тек таңертең ғана бас дәрігердің өзіне жолықтым дейді.

Түркістан облыстық мәйітханасында қызметтік тексеріс басталды. Себебі, әлеуметтік желіде дәл осы бюроның қызметкерлеріне шағым түскен, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Видео түсірген азаматқа медицина мамандары ақша бермесең жақыныңның денесін алмайсың деген көрінеді. Ағасының денесін алып кете алмай, түні бойы сандалған азамат тек таңертең ғана бас дәрігердің өзіне жолықтым дейді. Өйткені осы күні түс ауа шалғайдағы Шәуілдір ауылында жамағат жаназа шығаруға жиналған екен.

Бұл бейнежазбаға қатысты желі қолданушыларының көбі Түркістанда мәйітті тек пара беру арқылы ғана алып шығатын жазылмаған заң бар деген пікір қалдырған. Ал медициналық мекеме басшылығы тексеріс жүргізіп, жемқорлық дерегі анықталса шара қолданамыз деп сендірді.

"Қызметтік тексеру тағайындалды. Комиссия мүшелері тағайындалып, қазіргі таңда жұмыс істеп жатыр. Бұндай оқиға облыстық потологиялық анатомиялық бюросында бұрын болған емес. Барлық-мән-жайды анықтаймыз", – деді Түркістан облысы потологиялық-анатомиялық бюросының бас дәрігері Мұратхан Қопабаев.