Бүгінгі кездесуде "Қайраттың" бірнеше көшбасшы ойыншылары алаңға шыға алмайды.

Бүгін, 26 тамызда, "Қайрат" Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңіндегі жауапты ойында Шотландияның "Селтигіне" қарсы алаңға шығады.

Естеріңізге сала кетсек, алғашқы матч Шотландияның Глазго қаласында өтіп, 0:0 есебімен аяқталды. Ал биылғы Чемпиондар лигасындағы "Қайраттың" нәтижелеріне келсек, команда Словенияның "Олимпиясын" (қос ойын қорытындысы бойынша 3:1), Финляндияның КуПС-ын (3:2) және Словакияның "Слованын" (1:1, пенальти бойынша — 4:3) жеңген болатын.

Жауапты ойында жеңіске жеткен жағдайда "Қайрат" Чемпиондар лигасының негізгі кезеңінде ойнайды.

Ал сәтсіздікке ұшыраса, алматылықтар Еуропа лигасының негізгі кезеңінде бақ сынайды.

Дегенмен алматылық клубта ойыншылар құрамына байланысты мәселелер туындады. "Қайрат" "Селтикке" қарсы жауапты матч қарсаңында негізгі құрамдағы тағы бір ойыншысынан айырылуы мүмкін. Бразилиялық шабуылшы Эдмилсон жаттығу кезінде жарақат алып, оның ойынға қатысуы екіталай. Шабуылда Рафаэль Уразбахтин, Рикардиньо мен 18 жастағы Рамазан Багдатқа сенім артады.

Ал Луиш Мата алаңға шығуға дайын. Қорғаушы медициналық штабпен кеңесе отырып, алаңға шығу туралы шешім қабылдады. Бірақ ауырсынуды басатын дәрілер қолданбақ.

Бұған дейін алматылықтар Александр Заруцкий мен Гиорги Зария ойынға қатыса алмайтынын мәлімдеген еді. Ал, Дастан Сатпаев дисквалификацияға байланысты кездесуге қатыспайды.

Сарапшылар бүгінгі ойынға қатысты қос команданың да жеңіске деген мүмкіндігі 50/50 деп бағалап отыр. Алматылық ұжым өз алаңында ойнайтынын ескерсек, жеңіске жетіп, тарихта алғаш рет чемпиодар лигасының негізгі кезеңінде өнер көрсету үшін барын салары анық.

Матч Алматының орталық стадионында Қазақстан уақыты бойынша 21:45-те басталады.