« Кадзики » тайфуны жексенбі күні Қытайдың Хайнань аралдық провинциясының оңтүстік жағалауына жақын маңда күшейіп, ірі тайфун деңгейіне жетті, деп хабарлайды Egemen.kz Xinhua агенттігіне сілтеме жасап.
Хайнань провинциясының метеорологиялық станциясы таратқан деректерге сәйкес, ірі тайфун шамамен сағатына 20 шақырым жылдамдықпен Вьетнамның солтүстік және орталық жағалауларына қарай жылжып барады. Жексенбі күні тайфун орталығына жақын аймақта желдің максималды жылдамдығы Бофорт шкаласы бойынша 14 баллға жетіп, секундына 45 метрді құраған.
Апаттың алдын алу үшін Хайнань провинциясында 20 мыңнан астам тұрғын эвакуацияланған. Сондай-ақ 30 мыңнан астам балық аулау кемелері порттарға оралды немесе қауіпсіз аймақтарға жасырынған. Санья қаласындағы мектептерде сабақтар уақытша тоқтатылған. Сонымен қатар кәсіпорындар мен сауда нысандарының жұмысы тоқтап, қоғамдық көлік қозғалысы мен теңіз қатынасы шектелген.
Вьетнамның орталық провинцияларында да билік барлық теңіз көліктеріне теңізге шығуға тыйым салған. Мамандардың болжамынша, 25 тамыз күні тайфун Вьетнамның орталық жағалауына жақындаған кезде оның қуаты 11–12 баллға дейін жетіп, жел екпіні 15 баллға дейін (сағатына 167–183 шақырым) күшеюі мүмкін.