Ақтауда "Apollo" балалар ойын орталығында бір баланың үстіне ауыр құрылым құлап түсті. Оқиға 21 тамызда "Saya Park" сауда орталығында болған, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Lada.kz-ке сілтеме жасап.

Зардап шеккен баланың анасы Айнұра Бисембаева құрылым электр қалқанын жасырып тұрғанын және ешқандай бекіткіші болмағанын айтады. Сыртынан жұмсақ интерьер элементі сияқты көрінгенімен, ішінде ауыр металл блок жасырылған.

"Мүлде бекітілмеген екен. Өзім көтеріп көрдім, бірақ тым ауыр болып шықты", – дейді әйел.

Бала шұғыл түрде ауруханаға жеткізілген. Рентген сүйек сынығын көрсетпеген, бірақ баланың аяғы қатты ауырғандықтан, МРТ тағайындалды. Анасының айтуынша, бала ұйықтай алмай жүр және оған психологтың кеңесі қажет.

Әкімшілік жауабы

Отбасы 200 мың теңге көлемінде моральдық өтемақы талап етіп жатыр. Алайда ананың сөзінше, "Apollo" тек алғашқы күні дәрігер қабылдауына кеткен шығын мен сатып алынған дәрілердің ақысын төлеуді, ал "компенсация" ретінде аквапаркке немесе ойын орталығына бір реттік билет беруді ұсынған.

"Маған олардың аквапаркі немесе ойын орталығы не үшін керек? Бала үйде төсек тартып жатыр. Мен оны әлі дәрігерге апаруым керек, ал олар маған көңіл көтеруді ұсынып отыр", – деп ашуланды Айнұра Бисембаева.

Ресми тексеру

Полицияда арыз тіркелгені расталды. Материалдар Ақтау қалалық әкімдігіне жіберілмек.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!