Ақтөбеде аттракционда бес жасар бүлдіршіннің бармағы жұлынып қалды. Баланың қолы сондағы шынжырға қыстырылған. Ата-анасы сауда орталығындағы ойын алаңында қауіпсіздік сақталмаған дейді, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Қайта тек саусағы жұлынған, өзі ұшып кетпеген. Бала ғой, ол жерде ұстамау керек екенін білмейді. Жауып қою керек ол жерді. Рас, қауіпті. Баланың қолын жұлып кетеді, ал түгел айналдырып алып кетеді", — дейді баланың анасы Алтын Шалабаева.
Бес жастағы бүлдіршін бауырларымен қалаға қыдыруға ауылдан келіпті. Сол күні қасында әжесі болған. "Жұлдызша" аттракционына мінбек болғанда, қолын темір шынжыр тартып кеткен. Бүлдіршіннің сол қолындағы бас бармағы сол жерде жұлынып қалады.
Қауіпсіздікке қатысты ата-анасының арызынан соң іс қозғалған. Ойын алаңындағы жабықтардың жарамдылығын енді арнайы комиссия тексереді. Жұлынған бармақты қайта жалғау мүмкін болмады дейді дәрігерлер. Бүлдіршін ауруханада ем алып жатыр.
"Саусақ алып келді, қарадық, механизмге қысылған, жаншылған, жаны жоқ, орнына тігуге келмейді. Басқа мамандарға көрсеттік, келмейді. Сондықтан орны тегістеліп қалпына келтірілді. Көмек көрсетілді. Емін алып жатыр. Қазір жағдайы қалыпты", — деді Ақтөбе облысы балалар ауруханасының травматологы Қуантай Махамбетов.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз