16 шілдеде Мемлекет басшысы Қылмыстық кодекске 115-1 – "Сталкинг" жаңа бабы енгізілген заңға қол қойды.

Бас прокуратура сталкинг үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілгенін хабарлады, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Жаңа заң бойынша адамды аңдып, тыныштығын бұзғандар енді 50 тәулікке дейін қамалуы мүмкін.

Прокуратура отандық заңнамада бұл үшін 200 АЕК-ке дейін айыппұл, 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар немесе 50 тәулікке дейін қамауға алу түріндегі қылмыстық жауапкершілік алғаш рет көзделгенін мәлімдеді.

Егер сталкиң зорлық-зомбылық, қорқыту, бопсалау, жеке өмірге қол сұғылмаушылықты бұзумен қатар жүрсе, іс-әрекеттер ҚК-нің басқа баптары бойынша қосымша сараланады.

"Өз құзыреті шегінде жүзеге асырылатын құқық қорғау органдарының заңды әрекеттері сталкинг белгілеріне жатпайтынын атап өткен жөн", – деді Бас прокуратураның баспасөз қызметі.

Бас прокуратура азаматтарды сталкингтің көріністеріне немқұрайлы қарамауға шақырады. Мұндай жағдай туындаған кезде дереу ішкі істер органдарына хабарласу қажет.