Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша денсаулық сақтау жүйесінде маман даярлауды күшейту және дәрі-дәрмек бағасын 30%-ға дейін төмендету шаралары қабылданбақшы

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы kaz.inform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Мемлекет басшысының 2024 жылғы Жолдауын және өзге де тапсырмаларын жүзеге асыру шеңберінде Үкімет денсаулық сақтау жүйесі үшін кадрлар даярлау, сондай-ақ халықты қолжетімді және сапалы дәрілік заттармен қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдауда.

– Адами капиталды дамыту бағытында медициналық білім беруді күшейтіп, науқастарды дербес қабылдауға басымдық бере отырып, мейіргерлік тәжірибені дамытамыз. Үздіксіз кәсіби даму симуляциялық орталықтары мен қашықтан оқыту плаформалары арқылы енгіземіз,– деп атап өтті Ақмарал Әлназарова.

Елімізде «Педиатрия» мамандығы қайта енгізіліп, өте тапшы 14 балаларды емдеу мамандығы бойынша резидентура ашылды. Мамандарды ауылдық жерлерге тарту мақсатында аса қажетті мамандық иелеріне 8,5 млн теңге көлемінде көтермеақы төлене бастады.

– Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қосымша әлеуметтік қаржылай көмек қарастырылған. Кадр тапшылығын азайту мақсатында ауылдық елді мекендерге жұмысқа келген аса тапшы мамандықтар дәрігерлерге 8,5 миллион теңге көлемінде төлем қарастырылған, – деді Ақмарал Әлназарова.

Фармацевтика саласында 2029 жылға дейін отандық дәрі-дәрмек өндірісі үлесін 50%-ға жеткізу жөніндегі тапсырманы орындау бойынша шаралар қабылдануда. Баға қалыптастырудың ашықтығын арттыру мақсатында шекті бағаларды белгілеу тетігі қайта қаралды: артық шығындар алынып тасталып, дженериктер бағасы 30%-ға дейін төмендетілді. Референттік баға белгілеудің жаңа моделін енгізу дәрі-дәрмек құнын 12%-ға төмендетуге мүмкіндік беріп отыр, ал жалпы экономикалық тиімділік шамамен 50 млрд теңгені құрады.