Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады inbusiness .kz сайты.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа өңірдің биылғы бірінші жартыжылдықтағы әлеуметтік-экономикалық даму барысы мен алдағы кезеңге арналған жоспары баяндалды.

Өнеркәсіп және инвестиция:

Құмар Ақсақаловтың айтуынша, облыстың өнеркәсіп кәсіпорындары 1,82 триллион теңгенің өнімін өндірген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 4,3 пайызға жоғары;

Құны 337 миллиард теңге болатын 13 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Осы арқылы 3,4 мыңнан астам жұмыс орны ашылады;

Маңызды жобалардың қатарында жылына 70 мың автокөлік шығаратын KIA зауыты көп ұзамай іске қосылады. Бұл жаңадан 1500 жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ жүк автомобильдеріне жетекші белдем өндіретін "КамлитKZ" зауыты бар. Жобаның инвестиция көлемі – 160,5 миллиард теңге. Онда 550 жұмыс орны ашылмақ;

Арқалық әуежайын қалпына келтіру жұмыстары қолға алынды.

Әлеуметтік сала:

Жыл басынан бері өңірде 22 әлеуметтік нысан іске қосылған. Жыл соңына дейін тағы 29 әлеуметтік нысанды пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту:

облыста су тарату және су бұру жүйелеріне қатысты 54 жоба іске асырылып жатыр;

Қала халқының 99 пайызы, ал ауыл тұрғындарының 91,3 пайызы орталықтандырылған су құбырына қосылған.

Көлік инфрақұрылымы:

Биыл облыстың көлік инфрақұрылымын дамытуға 102 миллиард теңге бөлінген. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 40 пайызға артық;

1300 шақырым автожолға, соның ішінде 7 республикалық трассада құрылыс, реконструкция және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр;

Жезқазған – Петропавл учаскесінің реконструкциясы аяқталуға жақын;

Қостанай – Мамлют жолы толық жаңарды;

Екатеринбург – Алматы бағытындағы Сарыкөлден Ақмола облысының шекарасына дейінгі учаскеде жөндеу жұмыстары жалғасуда;

Елді мекендердің көшелері мен жолдарын жақсартуға айрықша көңіл бөлінеді. Бюджеттен 103 ауылдағы 400-ден астам көшені жөндеуге 29 миллиард теңге бағытталды. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 2,5 есе көп.

Президент:

  • инвестиция көлемін одан әрі арттыру, өнеркәсіп пен аграрлық секторды дамыту, әлеуметтік инфрақұрылымдарды жаңғырту, тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсарту қажеттілігіне назар аударды;
  • жылыту маусымына әзірлікті уақтылы аяқтап, күзгі жиын-терін науқанын сапалы ұйымдастыруды, сондай-ақ ауыл тұрғындарының ауызсуға қолжетімділігін арттыру үшін жүйелі шаралар қабылдауды тапсырды.