"Назарбаев Зияткерлік мектептері" дербес білім беру ұйымы ауыл мектептерін қолдау және озық тәжірибені тарату жұмыстарын 2019 жылдан бері жүйелі түрде жүргізіп келеді.
Бүгін Қарағанды облысы Осакаров ауылындағы Әлихан Бөкейхан атындағы тірек мектеп дәстүрлі республикалық тамыз саммитінің басты орталығына айналып, ауыл мектептерінің өркендеу бағытын айқындады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Ауыл мектебі: тең мүмкіндіктер жолында" секциялық отырысы еліміздің түкпір-түкпірінен келген 200-ге жуық тірек мектеп басшысын, ауыл мектептерін дамытуға атсалысып жүрген ұйым өкілдері мен педагогтерді бір алаңға тоғыстырды. Шараға сондай-ақ 4 мыңнан астам мұғалім онлайн қосылды.
Алғаш рет ауыл мектебінде өткен бұл бастама "Назарбаев Зияткерлік мектептері" ДББҰ тарапынан ұйымдастырылып, ауылдық білім ордаларына жаңа серпін берді.
Шараның ашылуында "Қазақстан халқына" қоғамдық қорының басқарма төрағасы Лаззат Чинкисбаева, Білім беру саласын тұрақты дамыту қорының директоры Данияр Тоқтарбаев және "Назарбаев Зияткерлік мектептері" ДББҰ Басқарма Төрағасы Әнуар Жанғозин сөз алды.
NIS Басқарма Төрағасы Әнуар Қанатұлы ауыл мектептерін қолдау – ұйым қызметінің басты стратегиялық бағыттарының бірі екенін және бұл бастаманың ұлттық білім беру жүйесі үшін маңызын айшықтап берді:
– Жоба ауыл балаларының сапалы білімге қол жеткізуін қамтамасыз етіп қана қоймай, ұстаздардың кәсіби дамуына да серпін берді. Біз мұғалімдермен бірлесе отырып, олардың қажеттіліктеріне сай әдістемелік және тәжірибелік қолдауды жалғастырамыз. Сондай-ақ Lesson Study – сабақты зерттеу мәдениетін дамытуға, оқушылардың әл-ауқатын арттыруға, тірек мектептер арасында ынтымақтастық орнатуға және NIS тәжірибесін оқу-ағарту жүйесіне әрі де енгізуге және таратуға басымдық береміз.
Пленарлық отырыс алаңында тірек мектептердің тәжірибесі тек деректермен ғана емес, жүрекке жетер шабытпен өрілді. Мұнда жобаға дейінгі және жоба аясындағы өзгерістер жан-жақты баяндалып, тыңдаушыларға нақты кейстер ұсынылды. Әр сөз – мектеп өмірінің жаңа тынысын айқындап, өзге ұжымдарға жігер берді.
Абай облысы, Аягөз ауданы, көпбейінді қазақ мектеп-гимназиясының директоры Айнұр Канапьянова өз сөзінде білім ордасының жетістіктерін ерекше мақтанышпен атап өтті.
– Биыл мектебіміз Қазақстанның 100 үздік білім ордасының қатарына енді. Оқушыларымыз халықаралық және республикалық сайыстарда жүлделі орындар алды. Мұның бәрі – 2022 жылы тірек мектептер қатарына қосылған сәттен бастап жоба бастамашылары, ата-аналар, оқушылар және бүкіл ұжым бірлесе атқарған еңбектің жемісі. Сол кезден бері мектептің ішкі өмірі өзгеріп, ұстаздар және оқушылармен жүйелі жұмыс жолға қойылды. Соның нәтижесінде білім сапасы 64%-дан 80%-ға көтерілді, – дейді мектеп басшысы.
Айта кетейік, "Назарбаев Зияткерлік мектептері" дербес білім беру ұйымы ауыл мектептерін қолдау және озық тәжірибені тарату жұмыстарын 2019 жылдан бері жүйелі түрде жүргізіп келеді. 2022 жылдан бастап ұйым "Қазақстан халқына" қоры және Білім беру саласын тұрақты дамыту қорымен бірлесіп, "Ауылдық аймақтағы тірек мектептердің әлеуетін арттыру" қайырымдылық жобасын сәтті іске асыруда.
Бүгінде жоба аясында 141 тірек мектептің материалдық-техникалық базасы жаңартылып, жайлы оқу ортасы қалыптастырылды, заманауи оқыту тәсілдері енгізілді. Сондай-ақ педагогтердің кәсіби дамуын қолдау және әдістемелік сүйемелдеу арқылы ауыл мектептеріндегі білім сапасын арттыруға бағытталған нақты қадамдар жасалды. Жаңа оқу жылында жобаға тағы 52 мектеп қосылмақ.
Назарбаев Зияткерлік мектептерінің бұл жобадағы басты міндеттерінің бірі – мұғалімдерге кешенді әдістемелік қолдау көрсету. Жұмыс барысында педагогтердің кәсіби қажеттіліктері анықталып, сабақтарға қатысу және кері байланыс беру, оқыту курстарын өткізу, курстан кейінгі әдістемелік сүйемелдеу жүзеге асырылады. Сонымен қатар оқушылардың әл-ауқатына қатысты мәселелер бірлесе шешіліп, Зияткерлік мектептер базасында тағылымдамалар ұйымдастырылады.
Педагогикалық жиында қатысушылар мектепті тиімді басқару тәжірибелерін, оқыту процесіне цифрлық технологияларды енгізу жолдарын және инновациялық әлеуметтік жобаларды іске асыру тәсілдерін талқылады. Ал шеберлік сабақтарында топ-менеджерлер деректерді талдау арқылы тиімді әрі негізделген басқарушылық шешімдер қабылдау, жауапкершілікті арттыру және мектепте жайлы орта қалыптастыру мәселелеріне назар аударды.
Онлайн форматтағы отырыстарда мектепті басқару, инклюзивті білім беру ортасын дамыту және жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалану тақырыптары қамтылды.
"Ауыл мектебі: тең мүмкіндіктер жолында" секциялық отырысы ауылдағы тірек мектептердің әлеуетін арттыру жобасының қорытындысын шығарып, жаңа оқу жылында ұстаздардың кәсіби өсуін қамтамасыз ететін негізгі бағыттарды белгіледі.