Шығыс Қазақстан облыстық ауруханасының кардиохирургтары әйелдің өміріне қауіп төндірген сирек кездесетін миксома ісігін сәтті алып тастады, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Клиникалық жағдай туралы ШҚО ауруханасының кардиохирургі Шыңғыс Балтабеков мәлімдеді. Жуырда медициналық мекемеге 37 жастағы әйел аса сирек әрі өміріне тікелей қауіп төндіретін диагнозбен — жүректің сол жақ жүрекшесіндегі миксомамен түскен. Дәрігерлердің дер кезінде жасаған диагностикасы мен жедел хирургиялық араласуының арқасында науқастың жүрегіндегі ісік алынып тасталды.

"Жүрекке жасалған ультрадыбыстық зерттеу кезінде біз бірден жүрекшелер арасындағы қалқаның бойында орналасқан ірі ісікті байқадық. Бұл сол жақ жүрекшеге орналасу — миксомаға тән. Науқастың жағдайы шұғыл ота жасауды талап етті. Абырой болғанда, ота сәтті өтті. Қазір пациенттің өміріне ешқандай қауіп төніп тұрғын жоқ", — деді Шыңғыс Балтабеков.