Бұған дейін Қазақстанның Украинадағы елшілігіндегі әскери атташе көмекшісін Польша арнайы қызметі ұстағаны туралы ақпарат тараған болатын.

Қорғаныс министрлігі Польшада "тыңшылық" күдігімен Қазақстан дипломатының ұсталғанын растады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Қазіргі уақытта бұл жағдайды шешу үшін шетелдік тараппен өзара іс-қимыл жасалуда. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы азаматының құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бойынша қажетті шаралар қабылдануда", – делінген министрлік таратқан ақпаратта.

Elmedia басылымы өзінің деккөздеріне сүйеніп, Польшада ұсталған Қазақстан дипломатының есімі Әнуар екенін жазған. Ол Қазақстанның Украинадағы елшілігінде әскери атташе көмекшісі болып 1,5 жыл жұмыс істеген.

11 тамызда Польша арнайы қызметі "тыңшылық жасады" деген күдікпен Қазақстанның Украинадағы елшілігінде әскери атташе көмекшісі болған адамды ұстағаны туралы ақпарат тараған.

30 шілдеде Польша билігі Быдгощ қаласында Орталық Азия елдерінің бірінің сыртқы барлау қызметінің офицері ұсталып, 3 айға қамалғаны туралы хабарлады. Бірақ нақты қай елдің азаматы екені туралы айтылмаған.