Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов мектептердегі үш ауысымды оқыту мәселесі біртіндеп шешіліп келе жатқанын айтты.

Оның сөзінше, білім беру мекемелерін салу және жаңғырту қарқынды жүріп жатыр.

Қыркүйек айында 115 мың орынға арналған 83 жаңа мектеп ашу жоспарланған. Соның 57-сі – «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында бой көтереді. Бектенов бұл нысандардың жаңа оқу жылына толық дайын болуын маңызды міндет деп атап өтті.

Сонымен бірге, ұлттық жоба шеңберінде 9 өңірдегі 15 нысанның құрылысын жеделдету қажет. «Самұрық-Қазына» қоры әкімдіктермен бірлесіп, оларды 1 қыркүйекке дейін пайдалануға беруді қамтамасыз етуі тиіс.

Премьер-министр мектептерде жүргізіліп жатқан күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарын да жаңа оқу жылы басталғанға дейін аяқтау қажеттігін қадап айтты.

– Қазір Алматы қаласы, Абай, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Атырау, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Ұлытау және Алматы облыстарындағы 34 мектепте жұмыс баяу жүріп жатыр. Өңір әкімдері бұл істе мерзім мен сапаны қатаң қадағалауы тиіс, – деді ол.

Сондай-ақ, физика, химия, биология және робототехника пәндеріне арналған кабинеттерді уақытылы сатып алу мәселесі өзекті. Үкімет басшысы қыркүйекке дейін кемінде 200 пәндік кабинетті жабдықтау қажеттігін айтты.