Грант конкурсына құжат 12-18 тамыз аралығында қабылданды, ал грант иегерлерінің тізімі 25 тамызға дейін жарияланады.
2025 жылы магистратураға түсу үшін 49 мыңға жуық адам тест тапсырды. Ғылыми-педагогикалық бағыт бойынша талапкерлердің 50%-ы, бейінді бағыт бойынша 21%-ы шекті балл жинады, деп хабарлайды Ғылым және жоғары білім министрлігі.
"Ғылыми-педагогикалық бағыт бойынша орташа көрсеткіш 77 балл, бейінді бағыт бойынша 23 балл болды. Ең жоғары балл – 139. Кешенді тестілеу барысында 130 қатысушының нәтижесі жойылды. Оның ішінде 79 оқуға түсуші смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып өтуге тырысқаны үшін тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Кешенді тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан 35 адам шығарылып, олардың нәтижелері жойылды. Тестілеуге кіргізу барысында бір бөгде адамның тестілеуге кіру әрекеті анықталды. 15 адамның нәтижесі тестілеу бейнежазбасын тексеру нәтижесінде жойылды", – делінген хабарламада.
Ғылыми-педагогикалық бағыт бойынша магистратураға түсу үшін кемінде 75 балл, бейіндік бағыт бойынша кемінде 30 балл жинау қажет. Грант конкурсына құжат 12-18 тамыз аралығында қабылданды, ал грант иегерлерінің тізімі 25 тамызға дейін жарияланады.
Оқи отырыңыз: Магистратураға құжат өткізгендердің жартысына жуығы педагогикалық ғылымдарды таңдады
Конкурсқа қатысу үшін келесі құжаттарды тапсыру қажет:
- жеке куәліктің көшірмесі,
- жоғары білімі туралы құжат (диплом және қосымшасы);
- КТ сертификаты және шет тілін меңгергендігін растайтын халықаралық сертификаттар (бар болған жағдайда).
Құжаттарды тапсыру кезінде оқуға түсуші білім беру бағдарламаларының бір тобын және үш жоғары оқу орнын көрсете алады.