Өскеменде облыстық Ана мен бала орталығында салмағы 6 келі 45 грамм болатын қыз бала дүниеге келді. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысы Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Мамандардың айтуынша, мұндай салмақтағы сәбилердің дүниеге келуі өте сирек кездеседі.

- Жаңа туған нәрестенің салмағы – 6045 грамм. Бұл біздің тәжірибемізде сирек болатын оқиға. Мұндай сәт тек ата-аналар үшін ғана емес, босануды қабылдаған дәрігерлер үшін де ерекше есте қалады, – деп атап өтті Ана мен бала орталығының мамандары.

Босану сәтті өтіп, ана мен сәби дәрігерлердің қатаң бақылауында. Қазіргі таңда екеуінің де жағдайы жақсы.

- Өте бақыттымын. Денсаулығым жақсы. Бізге ерекше қамқорлық көрсеткен орталық ұжымына алғысым шексіз, – деді қуанышымен бөліскен жас ана.

Қыздың есімі әзірге таңдалған жоқ.