Жүгі өртеніп кетіп, халықтан көмек сұраған жүк көлігінің жүргізушісі елден ақша жинау үшін басшылары қысым көрсеткенін мәлімдеді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Жүргізуші бұл туралы журналист Руслан Өтепбайдың бағдарламасына берген сұхбатында айтты.
Ермек есімді жүргізушінің айтуынша, маусым айында бір жүк тасылмаудаушы фирмаға жұмысқа орналасқан. Жұмысқа орналасу кезінде ешқандай құжат сұралмағанын, еңбек шарты жасалмағанын айтады.
Қостанай маңында жүгі мен тіркемесі өртеніп кеткеннен кейін, бастығы видео түсіруін талап еткен.
“6-7 рет видео түсірдім, солардың ішінен біреуі жарайды деді. Бастықтың әйелі Айнұр ханым, маған видеоны қалай түсіру керек екенін жазып жіберді, бетің көрініп тұру керек, өртенген көлік тұруы керек деді. Әйтпесе, мен ешқашан ондай видео түсіріп көрмегенмін. Видеоны екі күн жүріп түсірдім”, – дейді жүргізуші.
Басшылары жүргізушіге видеода айтатын мәтініне, қалай жылау керегіне дейін дайындап берген көрінеді. Тіпті, бір баласы бар Ермекті төрт балам бар деп айтуға мәжбүрлеген.
“Шығын 20 миллион теңге, бастығым тең жартысын төлеп береді деп айт деді. Тіркеме 11 миллион, 4 дөңгелек 4 миллион теңге, ал жүктің бағасы 1 миллион 700 мың теңге шамасында екен. Маған 9 тамызға дейін 10 миллион тауып бер деп талап қойды”, – дейді жүргізуші.
Көмек сұраған видеоны түсірген Ермек оны Ержан есімді басшысына жіберген. Видеоны желіге кім жүктегенін білмейді. Тек қана банк қосымшасына ақша түсе бастаған кезде ғана халықтың қаражаты өзінің есепшотына жиналып жатқанын білген. Көмек ретінде 15 миллион теңге қаржы жиналғаннан кейін Ермек тағы да басшыларының айтуымен видео түсіріп, қаражат жинау тоқтатылғанын, ақша шығынды жабуға жететінін айтып, елге алғыс айтады.
“15 миллион теңге жиналғанын көрдім. Телефоным ескі болғандықтан өте баяу жұмыс істейді, сондықтан нақты біле алмадым. Кейін білсем 19 миллион теңгеден астам ақша түсіпті. Олар маған “сен есеп бере алмайсың, біз есеп береміз” деп менің банк картамды тартып алды. Басқа телефонға менің бет жүзімді пайдаланып банк қосымшама да кіріп алды. Кейін 2 миллион теңге несиемді жауып берді”, – дейді Ермек.
Қаражат жинау ісіндегі былықты алғашұылардың бірі болып, белсенді Әбірқайыр Рүстемов байқапты.
Белсендінің көмегімен Ермек прократураға арыз жазып, басшыларынан қысым көріп отырғанын баяндаған.
Сұхбатқа фирманың басшылары Ержан мен Айнұр да келген. Айнұр өзінің ЖШС-ның ресми басшысы екенін, Ермектің жұмысқа ресми тіркелгенін айтады.
“Көлік өртеніп кеткеннен кейін Ермек жылап хабарласып, кешірім сұрап, өмір бойы тегін жұмыс істеймін деп айтты. Қатты жаным ашыды. Ержан ұрысқан кезде де, ұрыспашы деп өтіндім”, – дейді Айнұр.
Өртенген көліктің иесі Ержанның айтуынша, халықтан көмек сұрау деген ойды алғаш болып жүргізуші Ермектің өзі айтқан көрінеді.
“Елден көмек сұрау туралы ойды өзі айтты. Кейін бізге TikTok-қа видео жариялау туралы ой келді. Өзіне айтқан кезде келісімін берді. Сосын видео сұрадық. Ол видеоны дұрыс түсіре алмағандықтан, қалай түсіру керек екенін үйреттік. Кейін видеоға қою үшін рекзивиттерін сұрадым, сізге шотыңызға жинаймыз, мен алаяқ болғым келмейді деп айттым”, – дейді Ержан.
Басында видео түсіргенде қанша жиналатынын білген жоқпыз дейді Айнұр. Жалпы 18 млн 674 мың теңге жиналды. Сбор жабылған соң да ақша түсіп жатты. Бірақ маған Ермек пен әйелі несие туралы айтпаңыздаршы деді. Айнұрдың айтуынша барлығы Ермектің келісімімен болған. Ақшаны өзі шешіп алып келіп берді дейді.