Жер қатынастары басқармасының мәліметінше, биыл Ауыл шаруашылығы министрлігі 160 мың гектар ауыл шаруашылығы жерін мемлекетке қайтару жоспарын бекіткен .

Жалпы ауданы 176,4 мың гектарды құрайтын 94 учаскені тексеру жоспарлануда, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Өткен жылғы тексеру нәтижесінде 53 учаске заң талаптарына сәйкестендірілді, төртеуі мемлекетке қайтарылды, үшеуіне айыппұл санкциялары қолданылды.

Аудандарда жайылымдарды басқару жоспарлары әзірленіп, олар жергілікті мәслихаттардың қарауында жатыр. Алға және Мәртөк аудандарында жайылым тапшылығы байқалады, бұл мәселені қайтарылған және резервтегі жерлер есебінен шешу жұмыстары жүргізілуде.

Бұған дейін облыс әкімі Асхат Шахаров өткізген жиында жер – стратегиялық ресурс екенін, оны ұтымды әрі әділ пайдалану ауыл шаруашылығының, өнеркәсіптің, инфрақұрылым мен тұрғын үй құрылысының дамуына тікелей әсер ететінін атап өткен болатын.

"Пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтару жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуі тиіс. Кейін оларды ашық конкурс жариялау арқылы тиімді пайдаланушыларға беру керек. Бұл инвестиция тартуға және жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, инвестициялық жобаларға дайын инфрақұрылымды дамыту аса маңызды", - деді облыс әкімі.

Ол жерлердің мақсатты пайдаланылуын бақылауды күшейтуді және халық шағымдарына дер кезінде жауап беруді тапсырды.