Мемлекет басшысы Қазақстан инвесторлар қауымдастығының төрағасы Болат Ақшолақовты қабылдады, — деп хабарлайды Massaget .kz тілшісі.
Президентке инвесторлар қауымдастығы қызметінің басым бағыттары мен негізгі бастамалары таныстырылды. Бұл ұйым Мемлекет басшысының ақпандағы ірі бизнес өкілдерімен кездесуде берген тапсырмасына сай құрылған болатын.
Қауымдастықтың мемлекет пен инвесторлар арасындағы дәнекерлік рөлін көрсететін ауқымды күн тәртібі талқыланды. Ең алдымен шешілуге тиіс міндеттер ретінде экономиканы ырықтандыруға, мемлекеттің бизнеске араласуын азайтуға, мемлекеттік басқару жүйесіне цифрлық шешімдер мен жасанды интеллект технологияларын енгізуге баса мән берілді.
Бұдан бөлек салық жүйесін жаңғырту, монополияға қарсы саясатты жетілдіру, жекешелендірудің тиімділігін арттыру және мемлекеттік сатып алуды реформалау мәселелері қозғалды.
Болат Ақшолақов отандық бизнестің ұлттық рейтингін іске қосу жөніндегі ұсынысын жеткізді.
Мемлекет басшысы бұл бастамаларды қолдап, инвестициялық климатты жақсарту және орнықты экономикалық өсімді қамтамасыз ету тұрғысынан оларды жүзеге асыру маңызды екенін айтты.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!