Бұл туралы 8 тамызда Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті (ҚАЖК) мәлімдеді.

4 жылға сотталған ҰҚК Шекара қызметінің бұрынғы басшысы Дархан Ділманов бостандыққа шықты, деп жазады inbusiness.kz сайты.

"Сұрау салуда көрсетілген сотталған адам сот үкіміне сәйкес қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде жазасын өтеді. Сот тағайындаған жаза мерзімін толық өтегеніне байланысты босатылды", – деді ведомство өкілдері.

Д.Ділманов ҰҚК Шекара қызметін 2014 жылдың қазанынан 2022 жылдың сәуіріне дейін басқарған. Оған қатысты үкім 2023 жылдың 25 желтоқсанында Алматы гарнизонының әскери сотында шыққан.

Сот Ділмановтың мүлкін тәркілеп, Қылмыстық кодекстің 450-бабы 2-бөлігі (билікті асыра пайдалану) бойынша 4 жылға бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Дархан Ділманов "генерал-лейтенант" әскери атағынан, ІІ дәрежелі "Айбын" ордені және "ҚР ҰҚК арадегері" құрметті атағынан айырылды.