Түркістан облысында той кортежін ұйымдастырған жүргізушілер жазаланды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Түркістан облысында қыз ұзату тойында жол ережесін елемеген жүргізушілерге қатысты шара қолданылды.

Полиция қызметкерлері әлеуметтік желілерді бақылау барысында бірнеше көлік жүргізушісінің жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған сәті түсірілген бейнежазбаны анықтаған.

Оқиға Сауран ауданында орын алған. Mercedes-Benz, Toyota және Nexia 5 көліктерін басқарған азаматтар анықталып, олардың көліктері арнайы айыптұрағына жеткізілді.

Жүргізушілердің әрекеті келесі ереже бұзушылықтармен байланысты болды:

– апатты жағдай туындату,

– жолаушыларды тасымалдау талаптарын сақтамау,

– мемлекеттік нөмірсіз көлік жүргізу,

– маневр жасау ережелерін бұзу,

– көлік құралдарына зиян келтіру.

Оларға қатысты әкімшілік шаралар қолданылды.

Полиция департаменті жол қозғалысы ережелері баршаға бірдей екенін еске салып, жүргізушілер мен барлық жол қозғалысына қатысушыларды тәртіпті қатаң сақтауға шақырды.