Бөгетті салған мердігер өзен тасыған сайын жөндеуге қаражатым жоқ деп отыр

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Sputnik.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Алматы облысы Райымбек ауданындағы Байынқол өзенінде салынған бөгетті бір жыл болмай су шайып кетті.

Байынқолдың ағысы қатты

Байынқол өзені сонау Тянь-Шань тауындағы Сарыжаз жотасынан бастау алады. Тау суы мен еріген мұз суынан жиналған өзеннің ағысы қатты, мінезі асау. Байынқол тасығанда жағалай қоныстанған Райымбек ауданының тұрғындары жанын шүберекке түйіп, Алладан табиғатқа сабыр беруді сұрайды.

Алматы облысында 130 млн теңгеге салынған бөгетті су шайып кетті — Sputnik Қазақстан, 1920, 07.08.2025

Алматы облысында 130 млн теңгеге салынған бөгетті су шайып кетті

© Sputnik / Айдана Дайырова

Тасыған сайын өзеннің арнасы кеңіп, кейінгі жылдары айналасындағы тоғай біткенге жайылған. Тіпті жайылым жердің аясы тарылған.

Әрең салған бөгетті су шайып кетті

Бірнеше жылдан бері халықтың күйісін кетірген асау өзенге былтыр әупірімдеп жүріп бөгет салынды. Оңай салынған жоқ, жергілікті әкімдер жобалық сметалық құжатын бірнеше жыл жүріп реттеді. Әрең салған бөгетті әп-сәтте су шайып кетті. Қысқасы Байынқолды жағалай орныққан ауыл тұрғындарының қуанышы ұзаққа бармады, небәрі бір жылға созылды.

«Өзеннің суы жайылып кетті. Жан жағындағы шағын жайылым су астында қалды. Біз қарапайым халықпыз, бөгет жұмысына кірісе алмадық. Мына арна бөгеттің ар жағында жатқан. Қазір 500 метр бері жайылып кетті. Жақсы қаражат бөлінді, жақсылап бөгетті жасауға болушы еді. Темір тормен салыну керек болған»,- деп атап өтті Жамбыл ауылының тұрғындары.

Олар жайылған өзен ауылмен қосып бейітті де шайып кететін болды дейді.

Айтса айтқандай-ақ, асау өзеннің арнасы жар біткенді барған сайын жырып жатыр.

Бөгет қалай салынды

Өзендегі тас аралас құмды биік етіп үйіп қойған. 2 шақырымға созылған бөгеттің кей жеріне ғана темір тор тартылған. Оның өзі сапасыз темір, дейді тұрғындар.

Ауыл әкімдігінің айтуынша бұл бөгет төтенше жағдай министрлігінің қаражатына салынған.

Алматы облысында 130 млн теңгеге салынған бөгетті су шайып кетті — Sputnik Қазақстан, 1920, 07.08.2025

Алматы облысында 130 млн теңгеге салынған бөгетті су шайып кетті

© Sputnik / Айдана Дайырова

Бұзылған бөгетке Sputnik Қазақстан тілшісімен бірге мердігер мекеме басшысы да барды.

«Жобалық құжат бойынша 133 млн теңге бөлінді. Салыну уақыты – 6 ай. Бұл жақтың қысы қатты болды, сол себепті біз 4,5-5 айда бітіріп шықтық. Жоба бойынша 2,1 шақырым берілген, бірақ біз бөгетті өз тарапымыздан ары қарай созып, ұзарттық», — дейді бөгетті салған мердігер Дастан Орынбасар.

Жобада берілген тапсырма жүзеге асты ма

Оның айтуынша, бөгет құрылысы жобада қалай көрсетілді, дәл солай салынған. Артық-кем емес, нақты тапсырма бойынша жұмыс істедік, дейді ол.

«Мен жобаны да көрсете аламын. Жобада ішінен шыққан затты сыртына үйесің деп нақты тапсырма берілген. Ал бөгетті қатайту, нығайту туралы жазылмаған. Бөгетті шайып кетті деп естіген күннен бастап өзім де біртүрлі болып жүрмін. Жылда өзен тасыған сайын келіп жасауға менің де қаражатым жоқ, олай шығындала алмаймын. Мына өзен тасығанда үлкен-үлкен тастарымен бірге ағызады. 27 тонналық эксковаторды аударып кете жаздады. Біз өзімізге жүктелген міндетті дұрыс орындадық», — дейді мердігер.

130 млн теңге суға кетті

Райымбек ауданының әкімдігі де жұмысты қабылдап, бөгет салынды деп қол қойған.

Қысқасы төтенше жағдайлар министрлігінің 130 млн теңгесін бір жыл болмай су шайып кетті.

Байынқол тасығанда тас аралас құмды су ағады. Өзеннің түсі ақшыл сұр. Құм үйілсе, су арнасынан асады. Асау өзен анау-мынау бөгетті місе тұтпайды. Айтпақшы құм аралас су Райымбек ауданының жайылымы мен егістігіне бірнеше жыл қауіп төндіріп келеді. Жасыл желек біткен құмның астында қалды.

Кеңес үкіметі тұсында арнайы сүзгі болған, бірақ қазір ол жоқ. Сәйкесінше ауданның малы, да, жаны да, жасыл желегі де құм аралас су ішіп отыр.