Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде Қазақстан азаматтарына , 1949–2010 жылдар аралығында туғандар үшін, 70 000 теңге көлемінде төлем жасалады деген ақпарат тарап жатыр. Алайда, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Министрлік түсіндірмесі:

«Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде тарап жатқан 70 000 теңге көлеміндегі төлем туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Белгісіз тұлғалар азаматтарға сілтеме арқылы өтіп, өтінім беруін ұсынады», – делінген министрлік хабарламасында.

Ведомство мұндай әлеуметтік көмектің мүлде жоқ екенін және ұсынылған сілтеме арқылы өту – алаяқтардың жеке мәліметтерді ұрлау әрекеті болуы мүмкін екенін ескертті.

Министрлік ұсынған кеңестер

Сілтемеге еш жағдайда өтпеңіз;

Ресми ақпарат тек 1414 нөмірінен келетін SMS арқылы таратылады;

Ақпаратты тек ресми дереккөздерден ғана тексеріңіз;

Жалған ақпарат таратқандар заңмен қудаланады.

Анықтама

2024 жылдың күзінде де дәл осындай жалған ақпарат тараған болатын. Онда да адамдарға 70 мың теңге көлемінде өтемақы төленетіні айтылып, белгісіз сілтемеге өту ұсынылған еді. Ол кезде де министрлік бұл ақпаратты жоққа шығарған.