Ақмола облысында жол апаты жиілеп кетті . Өткен айда 114 жол-көлік оқиғасы болған.

Салдарынан 190 адам жарақаттанып, 16 адам ажал құшты. Апаттың көбі жүргізушілердің ереже сақтамауы себепті болады дейді мамандар.

Бұл Астана-Көкшетау бағытындағы тасжол. Теп-тегіс тақтайдай жолда жол көлік оқиғасы жиі тіркеледі. Мәселен, бірер күн бұрын дәл осы жолда екі жеңіл көлік соқтығысып, салдарынан 4 адам ажал құшты. Оның үшеуі бір отбасынан. Қазір тәртіп сақшылары қауіпсіздік шараларын барынша күшейтіп жатыр.

Республикалық маңыздағы тасжолдарға бейнебақылау камералары орнатылған. Бірақ жылдымдықты асыратын жүргізуші азаймай тұр. Қос қаланың арасында адам тасымалдайтын такси жүргізушілері жолда жүйткіп, тәртіпке бағынбайды- дейді инспекторлар. Өкінішке орай, арты қайғылы жағдайға ұласып жатады.

Бекболат Құсметов, Патрульдік полиция батальонының командирі:

- Жазғы уақытта біздің өңірге туристер өте көп келетіні жасырын емес. Олардың дені заңсыз тасымалмен айналысатын такси жүргізушілерінің көмегіне жүгінеді. Ал ол жүргізушілерге қатысты сын көп. Мәселен, олар демалмайды, жол бойы телефонға алданады. Салдарынан осындай жол апаттары тіркеледі.

Жалпы өңірдегі автомобиль жолдарының ұзындығы 18 мың шақырымнан асады. Оның екі мыңға жуығы халықаралық және республикалық маңыздағы тас жол. Барлық жолдар жылына екі рет тексерістен өтеді. Биылдың өзінде мыңнан астам тексеріс жүргізіліп, бірқатар жолдың талапқа сәйкес еместігі анықталған.

Ержан Қошқарбаев, облыстық ПД басқармасының бастығы:

- Жол көлік оқиғаларының алдын-алу мақсатында 1737 тексеру жүргізілді. Нәтижесінде жолдарды тиісті деңгейді кұтіп ұстамаған 184 адам әкімшілік жауапкерлішікке тартылды. Нұсқамамаларды орындамаған 12 лауызымды тұлға айыппұл арқалады.

Жыл басынан бері өңірде 583 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Бұл былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3 пайызға өскен.

Абзал Азаматұлы, Виктор Полянный, 24KZ