Қабылданған жаңа Салық кодексі өмірге жолдама алғанымен, оның көптеген нормасы келесі жылы қолданысқа енгізіледі.

Соның біріне сәйкес, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап, зейнетақы төлемдері жеке табыс салығынан (ЖТС) босатылады.

Соның ішінде өзіңіздің, жұбайыңыздың немесе жақын туысыңыздың тұрғын үй жағдайларын жақсарту және медициналық емделу қызметтеріне ақы төлеу үшін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан алынатын зейнетақы жинақтарынан бұл салық алынбайтын болады.

Егер шетелге көшіп бара жатқан экс-қазақстандық немесе Қазақстанда тұрақты тұратын шетелдік БЖЗҚ-дағы зейнетақы төлемдерін шешіп алса, онда ЖТС төлеуге тиіс. Бейрезиденттер бұл салықтан босатылмайды.

Қазір қалай? Қолданыстағы ескі Салық кодексі бойынша зейнетақы төлемдерінен, сондай-ақ жеткіліктілік шегінен асқан және баспана алу, емделу мақсатында алынған біржолғы зейнетақы төлемінен (БЗТ) 10% мөлшерінде жеке табыс салығы ұсталады.

Яғни, азаматтар ай сайын аударатын зейнетақы жарналары жеке зейнетақы шоттарына аударылады және олар үшін БЖЗҚ салық төлемейді. Алайда қор сол жинақты иесіне кері төлей бастағанда, одан мемлекет 10 пайыздық салық ұстайды.

Сарапшылар мұның барып тұрған әділетсіздік екенін бұрыннан жалықпай айтып келеді. Себебі, сол зейнетақылық жарна ұсталған жалақыдан азаматтар ай сайын онсыз да түрлі салықтарды төлейді. Яғни, мемлекет бір қаржыдан екі рет алым-салық жинап келді.

Сонымен бірге, жеке табыс салығы жұмыс істейтін азаматтардың жалақысы мен табысынан төлейтін міндетті зейнетақы жарнасынан (МЗЖ) да, өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың ерікті зейнетақы жарналарынан (ЕЗЖ) да, жұмыс берушілер зиянды жұмыс істейтін қызметкерлеріне аударатын міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарынан (МКЗЖ) да ұсталады.

Астана тұрғыны Самат Пішенбайұлы 2023 жылы БЖЗҚ-да жиналған зейнетақы жарнасынан, жеткіліктілік шегінен артылған 8 миллион теңгеге қайын енесіне жеке үй сатып әперіпті.

"Сонда "Отбасы банктің" тиісті сервисі салықты ұстаудың екі тәсілінен таңдауды ұсынды. Біріншісіне сәйкес, ЖТС-ті бірден төлеп тастап, құтыласың. Онда бұл салықты аударылатын ақшадан ұстап қалады. Оған барсам, үйді сатып алуға қаражат жетпей қалуы мүмкін. Сондықтан екіншісін таңдадым. Ол бойынша 10 пайыз салықты зейнеткерлікке шыққанда төлейтін болдым. Жаңа Салық кодексінде мемлекет осы салықты кешіреді деп естіп, дұрыс таңдау жасағанымды түсіндім. Бірақ кеше тексердім, "Налоговые обязательства по ИПН с ЕПВ за счёт ОПВ 800 000 тенге" деген жазу әлі күнге тұр. Бәлкім, келесі жылы алып тастар деген үміттемін", – дейді Самат.

Қордың түсіндіруінше, тіпті биылғы жылдың соңына дейін зейнетақы төлемдерін алатындардан да, сондай-ақ басыартық зейнетақы жарналарын тұрғын үй жағдайларын жақсартуға немесе медициналық қызметке жұмсайтындардан да салық бұрынғы тәсілмен, қолданыстағы режимде ұстала береді.

Ал, 2026 жылғы 1 қаңтардан кейін қалай болады?

"Келесі жылғы қаңтардан бастап, егер азамат Қазақстанның резиденті болса, онда оның зейнетақы төлемдерінің барлық түрінен, сонымен қатар БЗТ-сынан жеке табыс салығын ұстау тоқтатылады. Бұған қоса, Салық кодексіндегі өзгерістер 2026 жылғы 1 қаңтардан кейін бұрындары баспанаға, емделуге алынған біржолғы зейнетақы төлемдеріне есептелген, бірақ төленуі зейнеткерлікке шыққанға дейін кейінге шегерілген жеке табыс салығын өтеу бойынша міндеттемелерді жоюды да қарастырады. Алайда егер азамат БЗТ алу кезінде ЖТС-ті бірден төлеп қойса, онда ол қаржысы бюджеттен қайтарылмайды", – деп түсіндірді "Учет.kz" сарапшылары.

Дегенмен, кейбір қазақстандықтарға жеңілдік жасалды және тек соларға ғана мемлекет 3,5 миллионға жуық теңгеге дейінгі көлемдегі салығын қайтарып береді. Осы орайда БЖЗҚ салық салынатын табысты қайта есептеу және жеке табыс салығын қайтару мерзімі ұзартылғанын мәлімдеді.

"Қолданыстағы салық заңнамасына сәйкес, БЗТ-ны тұрғын үйге, емделуге пайдаланған кезде жеке табыс салығын салымшы өз қалауы бойынша бірден немесе зейнеткерлікке шыққанда төлей алады. Сонымен қатар, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап, әлеуметтік осал санаттарға жататын адамдар БЗТ түріндегі кірістеріне де 882 АЕК (2025 жылы 3 468 024 теңге) шегінде стандартты салық шегерімдерін қолдану құқығына ие болды. Алайда көптеген адам БЗТ алғанда ЖТС-ті бірден төлеп тастады", – деп еске салды қор.

БЖЗҚ мәлімдеуінше, егер бірден төлеп тастағандар арасында әлеуметтік осал топтарға жататын алушылар болса, онда олар ұсталған ЖТС-ті қайта есептеп, қайтарып алу үшін БЖЗҚ-ға тиісті өтінішпен және растайтын құжаттармен жедел жүгінуі қажет.

"Бұрындары мұндай құжаттарды тапсыру мерзімі 3 жыл болған. Салдарынан, БЗТ-ны 2021-2022 жылдары алған азаматтар әртүрлі себеппен бұл мүмкіндікті пайдаланып үлгермеген. Сондықтан 2025 жылғы 15 шілдеде қолданыстағы ескі Салық кодексіне өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Бұл түзетулерге сай, жеке тұлғалардың осындай өтініштері үшін белгіленген талап қою мерзімі 3 жылдан 5 жылға дейін ұзартылды", – деп мәлім етті БЖЗҚ.

Тиісінше, әлеуметтік аз қамтылған отбасы БЗТ алса, сонда төлеген жеке табыс салығын қайтару үшін 2025 жыл аяқталғанға дейін өтініш беріп үлгеруі керек. Өйткені бұл өзгерістер ескі Салық кодексіне енгізілді. Ал, 2026 жылғы 1 қаңтарда жаңа кодекс қолданысқа енгізіледі де, қолданыстағысы сол жаңа түзетулермен бірге күшін жояды.

ЖТС-ті қайтару құқығын кім пайдалана алады?

Қордың түсіндіруінше, салық салынатын табыс пен ЖТС-ті қайта есептетуге құқығы бар жеке тұлғалардың толық тізбесі қолданыстағы Салық кодексінің 346-бабында көрсетілген. Бұл І-ші, ІІ-ші, ІІІ-ші топтағы мүгедектігі бар тұлғалар, мүгедек балалардың ата-аналарының немесе қамқоршыларының бірі, бала асырап алушылардың бірі, жетім балалардың асырап алушы ата-аналары, соғыс ардагерлері және басқа санаттар.

Қайда жүгіну керек?

БЗТ бойынша салық салынатын табысты айқындау кезінде стандартты салық шегерімдері қолданылмаған зейнетақы төлемдерін алушылар, оларды қолдану құқығы болған жағдайда, кірістерді қайта есептеу және ЖТС өтеу үшін стандартты салық шегерімдерін қолдануға өтінішпен және растайтын құжаттармен БЖЗҚ-ның жақын жердегі филиалына шұғыл түрде жүгінуі қажет.

Уақытылы өтініш берсе, ЖТС қалай қайтарылады?

Стандартты салық шегерімі қолданылғаннан кейін, бұған дейін ЖТС ұсталған болса, ол алушының жеке зейнетақы шотына қайтарылады. Егер ЖТС төлеу кейінге қалдырылған болса, онда ай сайынғы зейнетақы төлемдерін алған кезде оны төлеуге қатысты міндеттеме алынып тасталады.

Өтініш беру мерзімі қашан аяқталады?

БЖЗҚ хабарлауынша, бұл өзгерістер 2025 жылғы 31 желтоқсанға дейін (қоса алғанда) қолданыста болады, себебі, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанның жаңа Салық кодексі күшіне енеді. Онда талап ету мерзімі бұрынғыдай қайтадан небары 3 жыл болады. Тиісінше, үш жылдан әріде БЗТ алғандар мұндай шегерім жасату құқығынан айрылады.

"Сондықтан 2021-2022 жылдары БЗТ пайдаланғанда ЖТС төлеген және стандартты салық шегерімдерін қолдануға құқығы бар барлық салымшылар мен алушыларға осы мүмкіндікті кейінге қалдырмай, уақытында пайдалануға кеңес береміз! Сұрақтар туындаған жағдайда 8 (727) 356 10 60 (қалааралық және халықаралық қоңыраулар), 1418 (Қазақстан бойынша тегін) нөмірлері бойынша байланыс орталығына хабарласуға болады", – деп ескертті бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры.