" Әділдік алаңы" – 25 тамыздан бастап қалың көрерменге жол тартатын әлеуметтік ток-шоу.
Телевизия саласында көрермен сеніміне ие болу – екінің біріне бұйырмайтын бақ. Ал сол сенімді сақтап, оны жылдар бойы нығайтып келген тұлғалар саусақпен санарлық. Солардың бірі – журналист Руслан Өтепбай. Бүгінде ол 31 арна эфиріне жаңа жобамен оралды. Бұл жолы да жай ғана бағдарлама емес, қоғамда қордаланған мәселелерге жауап іздейтін "Әділдік алаңы".
"Әділдік алаңы" – 25 тамыздан бастап қалың көрерменге жол тартатын әлеуметтік ток-шоу. Формат көрерменге жақсы таныс: ашық пікір, шынайы кейіпкер, ушыққан мәселе және нәтижелі әрекет. Бағдарлама аптасына үш рет, прайм-таймда көрсетіледі.

Бағдарламаның өзегінде – қоғам өміріне тікелей әсер ететін түйткілдер: әлеуметтік әділетсіздік, тұрмыстық зорлық, жүйедегі кемшіліктер, мемлекеттік қызмет көрсетудегі олқылықтар, білім беру саласындағы даулар. Әр шығарылымда нақты оқиғалар мен нақты кейіпкерлер қозғалады. Жай баяндау емес – шешім іздеу, нақты көмек көрсету көзделеді.
Руслан Өтепбайдың эфирге қайта оралуы – медиадағы жай жаңалық емес. Бұл – аудиторияның әділдікке, ашық диалогқа, шынайы көмектің бар екеніне деген үмітіне жауап. Ол – өткір сұрақтардан қашпайтын, жауыр болған тақырыптарды жаңаша көтере алатын санаулы журналистердің бірі. Қоғамдық резонанс тудыру, назар аударту үшін емес, мәселені шешу үшін жұмыс істейтін көзқарас иесі.
Жоба тек эфирмен шектелмейді. Бағдарлама тобы аймақтарға шығып, кейіпкерлердің өмірін бақылап, нақты көмектесіп, нәтижесін әлеуметтік желілерде бөлісіп отырады. Бұл – бір күндік шоу емес, қоғамдағы шынайы өзгерістерге бастайтын платформа.
"Біздің мақсат – эфир жасап қана қоймай, қоғамда резонанс тудырып, шынайы диалог орнату. Әр шығарылымда біз қарапайым жандардың өзгерістерге себепкер болғанын көрсетеміз. Бұл – дау іздейтін емес, нақты әрекет ететін формат", – дейді "31 арна" медиахолдингінің тележобалар жөніндегі бас продюсерінің орынбасары Анар Ибраева.