Сот процесінде айыпталушы Ернар Жиембай кінәсін ішінара мойындаған.
Ол Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовті өлтіру ойында болмағынын, бірақ қорқытқысы келгенін жасырмады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
– Қылмыс жасауға оқталу айыбын тағып отыр, бірақ әлі нақты сараланған жоқ. Өлтіру ниетім болған жоқ. Қазір 8 жылдан 12 жылға дейін жаза қарастырылған баппен айып тағылып жатыр, – деді күдікті.
Сот отырысында судья Әбінұр Қарабаев айыпталушыдан кінәсін мойындайтынын және мойындамайтынын сұраған.
– Кінәмді мойындаймын. Адам өлтіру немесе денсаулығына зиян келтіру ниетім болған жоқ. Қорқыту мақсатында әрекет еткенімді мойындаймын. Бірақ баппен (кісі өлтіруге оқталу бабын айтады) келіспеймін, – деп жауап қатты Ернар Жиембай.
Күдікті үлкен ұлының аутизммен ауыратынына назар аудартып, дәл осындай диагнозы бар отбасымен бір көшеде тұрғанын айтты. Айыпталушының сөзінше, әлгі отбасы – Руслан Берденовтың туысы. Ал әйелі олармен жиі араласып, баланы дамыту, емдеу сабақтарына бірге қатысқан.
"Келіншегім Р.Берденовпен дастарқандас болған. Сол жерлерде "қара касса" деген ойын ойнаған" деп нақтылады Ернар Жиембай.
Ол әйелінің телефонына Руслан Берденовтен хабарлама келгенін де айтып отыр.
– Әйелімнің телефонына қарасам, Руслан Берденов оған лайк басып, "Сен әдемісің!" деп жазған. Мен бұдан артық ештеңе ойлаған жоқпын, – деді ол.
Қастандық жасамас бұрын, яғни бір күн алдында Берденовпен жолығуға ниет еткен. Айтуынша, келіншегіне киімін дайындап қоюды тапсырғанымен, ол үлгермегенін айтқан, өзі көйлегінің бір шеті күйгенін байқаған.
Ернар Жиембай қастандық жасағанына осы оқиға да себеп болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Себебі, әйелі оған Руслан Берденовтің қалай киінетіні туралы айтқан.
"Оған 5 миллион тұратын костюмдер ұнайды екен" деп ашынады Е.Жиенбай.
Бұған дейін жәбірленуші Руслан Берденовтің денсаулығына байланысты сотқа қатыспағанын жазған едік.
2025 жылдың 21 сәуір күні кешке Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовті атып кеткені хабарланған-ды.