Таразда 30 жастағы ер адам баласының көзінше әйеліне қол көтерді. Кейін полиция қаскүнемді ұстады, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Куәгерлер түсірген видеода әйелдің жерге құлап, қабырғасы ауырып жатқанын айтқаны көрінеді. Соған қарамастан ер адам әйелді жерден сүйреп көтеріп, орындыққа отырғызады.
"Полиция қызметкерлері бейнежазбадағы ер адамның тұлғасын жедел анықтады. Ол облыс орталығының 30 жастағы тұрғыны болып шықты. Ер адам барлық мән-жайды анықтау және тиісті тергеу шараларын жүргізу үшін полиция бөліміне жеткізілді. Қазір ҚК-нің 108-1-бабы бойынша қылмыстық іс тіркелді. Қажет процестік әрекеттер кешені жүргізіліп, дәлелдер жиналып жатыр. Толық әрі жан-жақты тергеу нәтижелері бойынша заңға сәйкес процестік шешім қабылданатын болады", – деп хабарлады өңірлік полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Полиция өзге ақпарат тергеу мүддесіне қатысты жарияланбайтынын айтты.
Басылымның мәліметінше, әйелге қол көтерген ер адам — оның бұрынғы күйеуі. Зардап шеккен әйел ауруханаға жеткізілген.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!