Бұл маңда бүгін таңертең 6 магнитудалы жер дүмпуі тіркелген.
Мұны Ресей ғылым академиясының Біртұтас геофизикалық қызметінің Камчатка филиалы хабарлады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Жер сілкінісі Мәскеу уақытымен 00:59 уақытта болған. Эпицентрі Петропавловск-Камчатский қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 234 шақырым жерде орналасқан, тереңдігі – 64,8 шақырым. Жергілікті тұрғындар әлеуметтік желілерде бұл жерасты дүмпуін қатты сезінгенін жарыса жазып жатыр.
Аймақтық ТЖМ баспасөз қызметінің мәліметінше, соңғы тәулікте 71 афтершок тіркелген, оның төртеуі Камчатка елді мекендерінде 2-3 балл шамасында сезілген. Бұған дейін, 3-4 тамыз аралығында 85 афтершок болғаны, олардың алтауы 2-5 балл аралығында сезілгені хабарланған-ды.
Айта кетейік, 30 шілде күні де таңертең Камчатка маңында қуатты жер сілкінісі болған еді. Бұл 1952 жылдан бергі ең күшті сілкініс саналды. Оның магнитудасы 8,8-ге жеткен. Жерасты дүмпулері түбекте 6-7 және одан жоғары баллмен сезілді. Цунами қаупіне байланысты дабыл да жарияланған болатын.