Қапшағай су қоймасы мен Іле өзені аумағында 82 жер телімі жеке меншікке өтіп кеткен. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек мәлімдеді, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Дептутат Бас прокуратураға, Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитетіне, Су ресурстары және ирригация министрлігіне ресми түрде өтініш жолдаған.

"Қапшағай су қоймасы мен Іле өзенінің су қорғау белдеулерінде орналасқан 82 жер учаскесі жеке және заңды тұлғалардың меншігіне рәсімделіп кеткен. Ал мұндай жерлерді жекешелендіруге заңмен тыйым салынған!" — деді депутат.

Оның сөзінше, Жер және Су кодекстері бойынша су қорғау аймақтары мен ерекше қорғалатын табиғи аумақтар айналымға шығарылмауы қажет. Бірақ бұл учаскелер жеке меншік ретінде тіркелгені анықталған.

"Қарапайым халық Капшағай су қоймасы мен Іле өзенінің арнасына еркін өте алмай отыр. Су жағалауы бетон дуалдармен қоршалған. Бұл – азаматтардың су ресурстарына еркін қол жеткізу құқығын өрескел бұзу! Мен, Мәжіліс депутаты, жер саласының сарапшысы ретінде бұл мәселеге бей-жай қарай алмаймын. Жерлер мемлекетке қайтарылуға тиіс! Заңсыз берілген учаскелерді кім иемденіп алғаны анықталады. Артында лауазымды, ықпалды тұлғалар тұрса да, заң бәріне ортақ!" — деді ол.

Бақытжан Базарбек Президент әкімшілігін, Бас прокуратураны осы мәселені ерекше бақылауға алуға шақырды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Logotype Massaget