АҚШ алдағы үш жарым жыл ішінде, яғни Дональд Трамптың президенттік мерзімі аяқталғанға дейін астронавттарды Айға қондыруды жоспарлап отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Fox News басылымына сілтеме жасап.
Бұл туралы NASA-ның уақытша басшысы және көлік министрі міндетін атқаратын Шон Даффи Fox News телеарнасына берген сұхбатында мәлімдеді.
– Келесі жылдың басында біз Айға ұшуды жоспарлап отырмыз, бірақ ол миссия қону емес – Айды айналып өтеміз. Ал одан кейін, шамамен бір жыл ішінде, біз Айға қонамыз. Бұл Дональд Трамп билікте тұрған кезеңде жүзеге асады, – деді ол.
Шон Даффи сонымен қатар болашақта Ай бетінде тұрақты база құру көзделіп отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, сол жерде жинақталатын тәжірибе мен білім АҚШ-тың Марсқа жету мақсатына жол ашады.