Ақтөбеліктердің келесі кезеңге өтуге мүмкіндігі жоғары.

Бүгін, 31 шілде күні “Ақтөбе” Конференция лигасының екінші іріктеу кезеңіндегі жауапты матчында Праганың “Спарта” клубымен кездеседі. Ойын Чехия астанасындағы “Летна” стадионында өтеді және Қазақстан уақытымен 23:00-де басталады. Тікелей трансляцияны Qazaqstan телеарнасынан тамашалауға болады.

Естеріңізге сала кетейік, алғашқы матчта “Ақтөбе” сенсациялық жеңіске жетіп, 2:1 есебімен басым түскен еді. Қазақстандық клуб сапынан Даниэль Соса (29-минут) мен Оралхан Өміртаев (83-минут) гол соқты. Қонақтар құрамында Велько Бирманчевич 90-минутта есеп айырмасын қысқартты.

Бүгінгі кездесу алдында әдеттегідей баспасөз мәслихаты өтіп, “Ақтөбе” клубының бас бапкері Вячеслав Левчук Конференция лигасының екінші іріктеу кезеңіндегі Праганың “Спарта” клубына қарсы алдағы жауапты матч алдында пікір білдірді.

– Ақтөбеде өткен матчтан кейінгі баспасөз мәслихатында айтқанымды қайталаймын. Бізді өте қиын ойын күтіп тұр, қарсыласымыз мықты команда. Қай команданың мүмкіндігі жоғары немесе төмен екенін пайызбен айтып жатпаймын. Ойын аяқталғанға дейін екі ұжымның да мүмкіндігі тең.

Бізге “Спартадан” бір гол артық соғу қажет. Үлкен мәлімдемелер жасаудан аулақпыз. Өзім әзірлеген жоспарға сай жұмыс істейміз. Бүгін біз “Спартаның” екінші турдағы ойынын қарап, жан-жақты талдау жасадық. Мен жігіттерге не талап ететінімді түсіндіруге тырыстым, енді солардың бәрін алаңда жүзеге асырады деп үміттенемін, – деді Левчук.

Бұл жұптың жеңімпазы үшінші іріктеу кезеңінде “Арарат-Армения” (Армения) мен “Университатя Клуж” (Румыния) арасындағы жеңімпазбен кездеседі.