Оған елде әлеуметтік жауапкершілік, өзара құрмет, қоғамдық моральға қатысты мәселелердің ушығуы себеп болған.
Қырғызстанда барша ел азаматтарына арналған Ар-намыс кодексінің жобасы әзірленді. Бұл туралы көрші елдің Мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрлігі хабарлады.
Құзырлы ведомствоның түсіндіруінше, мұндай құжатты әзірлеуге қоғамда әлеуметтік жауапкершілік, өзара құрмет, қоғамдық мораль және отанға адалдық мәселелері ерекше өзектілікке ие болғаны себеп болса, нақты тапсырманы Президент әкімшілігі берген.
Сәйкесінше, бұл құжат азаматтар, жастар, қоғам қайраткерлері және жалпы халық үшін әдептілік пен моральдық мінез-құлықтың ортақ нормаларын айқындайтын моральдық стандарттар жиынтығы ретінде қызмет етуге бағытталады.
"Дамушы демократиялық және көпұлтты мемлекет ретінде Қырғыз Республикасы тек құқықтық қана емес, сонымен қатар қоғамдық мінез-құлықтың моральдық-мәдени нормаларын нығайтуды қажет етеді", – делінген құжаттың анықтамасында.
Әзірге құжат жобасында ел азаматтарына қандай талаптар қойылғаны белгісіз. Дегенмен, құжаттың мақсаты – қырғыз қоғамында келесі маңызды ұғымдарды қалыптастыру екені белгілі:
- ар-намысты сақтау және қадір-қасиетті құрметтеу;
- мемлекеттік рәміздер мен тарихи мұраға құрметпен қарау;
- үлкендерді сыйлау және кішілерге қамқор болу;
- төзімділік пен жек көру, агрессия және жаулық көріністеріне қарсы тұру;
- адалдық, шыншылдық және әділдік;
- қоғамдық келісім мен патриотизм.
Ар-намыс кодексін келесі салаларда қолдану жоспарланып отыр:
- білім беру мекемелеріндегі тәрбие жұмысы;
- мемлекеттік және муниципалдық қызметшілердің этикалық мінез-құлқы;
- жастар саясатын жүзеге асыру, әскери-патриоттық тәрбие, бұқаралық ақпарат құралдарындағы ақпараттық жұмыстар;
- мәдени іс-шаралардың идеологиялық негізін қалыптастыру және азаматтық белсенділік пен жауапкершілікті дамыту.
Еске салайық, Қазақстанда мұндай құжат жоқ. Біздің елімізде тек Мемлекеттік қызметшілердің ар-намыс кодексі қабылданған.
Оқи отырыңыз:
Қырғызстанда марқұмның үйінде алғашқы 3 күнде мал сойып, ас беруге тыйым салынды
Кенесары ханның өлімі үшін кешірім сұраған қырғыз әншісі 600 мың теңгеге жуық айыппұл төледі