Күдікті ұсталды .
Өзбекстанда Zeboyi Jahon лақап атымен танымал әнші Зебинисо Носирова кісі қолынан қаза тапты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты gazeta.uz-ға сілтеме жасап.
26 шілде күні Самарқанд облысына қарасты Тайлақ ауданында Зебинисо Носирова көз жұмды. Бұл туралы Milliy TV арнасының Millar бағдарламасы хабарлады.
Басылымның жазуынша, күдікті ретінде марқұмның күйеуі ұсталған. Ол қайғылы оқиға күні балаларын көру үшін әйелінің үйіне келген. Телеарна мәліметінше, ерлі-зайыптылар арасында жанжал болып, арты қайғылы жағдаймен аяқталып, ер адам әйелін қылқындырған.
"Әпкем мұндай өлімге лайық емес еді. Сол күні мен жұмыста болдым, жедел жәрдем қызметінде істеймін. Сағат шамамен төртте жұбайым хабарласып әпкеме бірдеңе болғанын айтты. Анама қоңырау шалдым. Ол "тез жет, оны өлтіріп кетті" деді. Үш баланың анасымен, өзінің әйелімен қалайша осылай істеуге болады?", – деді марқұмның ағасы.
Бас прокурордың баспасөз хатшысы Хаёт Шамсутдиновтың айтуынша, 1992 жылы туған ер адамға қатысты Өзбекстан Қылмыстық кодексінің 97-бабы, 1-бөлігі (Қасақана адам өлтіру) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті қамауға алынды.
Марқұмның артында үш баласы қалды.