Жамбыл облысында кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған «Түнгі қаладағы балалар» атты жедел-алдын алу іс-шарасы басталды. Рейдтердің алғашқы тәулігінің өзінде полиция қызметкерлері бірқатар құқық бұзушылықтарды анықтады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Полиция қызметкерлері ата-аналарға ерекше назар аударып отыр. Балаларды тәрбиелеу міндеттерін тиісті деңгейде орындамағаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабы бойынша 9 ата-анаға қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. Сондай-ақ, сағат 22:00-ден кейін мекемеде жасөспірімдердің болуына жол берген 4 ойын-сауық орнының иесі де жауапкершілікке тартылды.

Рейд барысында түнгі уақытта заңды өкілдерінің қарауынсыз жүрген 103 жасөспірім анықталды. 6 жасөспірім ойын-сауық мекемелерінен табылып, заңмен белгіленген шектеулерді бұзғаны белгілі болды.

Сонымен қатар, тәртіп сақшылары 7 жазғы лагерьді тексеріп, балалармен және қызметкерлермен профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде, 8 жасөспірім мен 4 ата-ана есепке алынды, олар бала тәрбиелеудегі жауапкершілікті тиісінше орындамаған. Бұдан бөлек, полиция есебінде тұрған 71 жасөспірімнің тұрғылықты жері бойынша тексеру жүргізілді.

Жамбыл облысы Полиция департаменті кәмелетке толмағандардың сағат 22:00-ден кейін ойын-сауық орындарында, ал сағат 23:00-ден кейін үйден тыс жерде ата-анасыз жүруі әкімшілік құқық бұзушылық екенін ескертеді. Мұндай жағдайлар үшін жауапкершілік ата-аналар мен ересектерге жүктеледі.

Көп жағдайда жасөспірімдер түнгі уақытта құқық бұзушылықтардың құрбаны немесе қатысушысы болуы мүмкін. Сондықтан балалардың қауіпсіздігі – ата-ананың тікелей міндеті.