Ең көп өтініш Түркістан, Қызылорда, Жамбыл облыстары мен Шымкент қаласынан түскен
Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Sputnik.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Жыл басынан бері әлеуметтік осал топқа жататын азаматтарға жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыру үшін 4 207 грант бөлінді.
Оның ішінде ауыл тұрғындарына 2 665 грант берілді. Жалпы биыл 9 080 грант беру жоспарлануда.
«Мемлекеттік гранттарды алуға өтінімдер биылғы жылдың 21 мамыры мен 3 маусымы аралығында қабылданды. Бүгінгі таңда үміткерлердің өтініштерін қарау жөніндегі комиссиялар өз жұмысын аяқтап, барлық қаражат грант алушылардың шотына аударылды», — дейді министрлік.
Барлығы 11,5 мыңнан астам өтініш түскен:
көпбалалы отбасылардан – 7 450,
мүгедектерден – 1 856,
мүмкіндігі шектеулі баланы күтушілерден – 1 334,
атаулы әлеуметтік көмек алушылардан – 289 өтініш қаралды.
«Өтініштің ең көп саны Түркістан, Қызылорда, Жамбыл облыстары мен Шымкент қаласынан, ал ең аз көрсеткіш Ұлытау облысы мен Қостанай облысынан түскен. Гранттар негізінен технологиялық құрал-жабдықтарды алуға, тауарлық-материалдық құндылықтарды, құрал-саймандарды сатып алуға, мал шаруашылығына, үй-жайларын жалға алуға және өсімдік шаруашылығына берілді», — дейді ведомство.