Көлік министрлігі 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығындағы теміржол және азаматтық авиация салаларындағы тасымал деректерін ұсынды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Теміржол қатынасы
Бүгінде елімізде жолаушыларды тасымалдау бойынша 154 теміржол маршруты қызмет көрсетеді. Оның ішінде:
112 маршрутты – "Жолаушылар тасымалы" АҚ орындайды;
30 маршрут – жекеменшік тасымалдаушыларға тиесілі;
12 маршрут – халықаралық бағыттарда жұмыс істейді.
Жыл басынан бері теміржол көлігімен 9,5 миллион жолаушы тасымалданған. Сонымен қатар, жолаушыларға қолайлы жағдай жасау үшін вагондар паркін жаңарту жалғасуда – 2025 жылдың алғашқы алты айында 60-қа жуық жаңа вагон сатып алынды.
Әуе қатынасы
Азаматтық авиация саласында ішкі және халықаралық бағыттар саны артып келеді. Қазіргі уақытта:
Ішкі бағыттар бойынша аптасына 849 рейс 61 маршрутпен орындалады;
Халықаралық бағыттар бойынша аптасына 842 рейс 144 маршрут арқылы жүзеге асады.
Бүгінде Қазақстаннан әлемнің 31 еліне тікелей әуе қатынасы бар. Халықаралық рейстер келесі елдерге қатынайды:
ТМД және жақын шет елдер: Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Беларусь, Грузия, Әзірбайжан
- Еуропа: Ұлыбритания, Германия, Италия, Нидерланды, Польша, Чехия, Венгрия, Черногория
- Таяу Шығыс: Түркия, БАӘ, Катар, Иран, Мысыр, Кувейт, Бахрейн, Оман
- Азия: Қытай, Үндістан, Оңтүстік Корея, Вьетнам, Тайланд, Малайзия, Моңғолия, Мальдив аралдары
2025 жылдың алғашқы алты айында әуе көлігімен 7,2 миллион жолаушы сапарлаған.