Бұл туралы Көлік министрлігі хабарлады.
Қазақстанда автожолдардың нақты жөндеуаралық мерзімдері бекітілді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
азақстанда алғаш рет ұлттық деңгейде республикалық және халықаралық маңызы бар автомобиль жолдары мен жол инфрақұрылым элементтерінің бірыңғай қызмет ету мерзімдері бекітілді. Бұл нормалар құрылыс, қайта жаңғырту және жөндеудің барлық түрлерінен кейін қолданылады. Құжатты "Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты" әзірлеп, Көлік министрлігінің Автомобиль жолдары комитеті бекітті.
"ҚазжолҒЗИ" мәліметінше, бұған дейін жол саласында қызмет ету және кепілдік мерзімдеріне қатысты бірыңғай міндетті талаптар болмаған. Көп жағдайда олар ұсынымдық сипатта көрсетіліп, жекелеген келісімшарттарда немесе "кемінде" деген жалпылама формулировкалармен шектелген. Бұл мердігерлердің міндеттемелерін нақты түсіндіруге мүмкіндік бермей, жолдарды ұзақ мерзімді күтіп-ұстауды жоспарлауды қиындатқан.
"Жаңа құжат нақты және міндетті кепілдік мерзімдерін белгілейді. Атап айтқанда, құрылыс, қайта жаңғырту және күрделі жөндеуден кейін кепілдік мерзімі жол санаты мен көлік қозғалысының қарқындылығына байланысты 4 жылдан 8 жылға дейін, ал орташа жөндеу кезінде 3 жылдан 6 жылға дейін белгіленген. Барлық мәндер нормативтік түрде бекітілік қолданысқа міндеттелген", – делінген министрлік хабарламасында.
Жөндеуаралық мерзімдер жеке белгіленіп, жол конструкциясының келесі күрделі араласуға дейінгі есептік қызмет ету кезеңін көрсетеді. Бұл мерзімдер қолданылатын технологиялар мен материалдардың сапасына тікелей байланысты. Мәселен, цементбетон жамылғысы бар автомобиль жолдары үшін жөндеуаралық мерзім 25 жыл, ал асфальтбетон жамылғысы бар жол киімдері үшін 16 жыл болып белгіленген. Заманауи технологиялар мен модификацияланған материалдар қолданылған жағдайда жолдың қызмет ету мерзімі қосымша ұзартылуы мүмкін.
Кепілдік мерзімі аяқталғаннан кейін орындалған жұмыстарға комиссиялық тексеру жүргізіледі. Ол жолдың нақты техникалық жай-күйін белгіленген нормативтерге сәйкестігін жан-жақты бағалауды көздейді. Комиссияның жұмыс тәртібі, құрамы және бағалау өлшемдері регламенттелген, ал тексеру нәтижелері объектіні одан әрі пайдалануға беру және мердігер ұйымдардың жауапкершілігін айқындау үшін негіз болады.
"Сонымен қатар, алғаш рет жол инфрақұрылымы элементтеріне арналған жеке талаптар блогы бекітілді. Қолданылатын материалға байланысты борттық тастардың (бордюр) қызмет ету мерзімі 30 жылға дейін ұлғайтылды: бетон тастар үшін 20 жылға дейін, гранит тастар үшін 30 жылға дейін. Жол белгілері үшін жарыққайтару қабілетінің деңгейі бойынша жіктеу енгізіліп, олардың қызмет ету мерзімі 10 жылға дейін белгіленді. Қоршаулар, тіректер және инженерлік элементтер үшін 5 жылға дейінгі бірыңғай кепілдік мерзімдер, сондай-ақ жол таңбалары, шу жолақтары мен қорғаныс құрылыстары үшін нормативтік мерзім айқындалды", – делінген хабарламада.
Бұған дейін нақты мерзімдердің болмауы кей жағдайларда инфрақұрылым элементтерін техникалық қажеттіліксіз ерте ауыстыруға жол бере алған. Ал нақты көрсеткіштердің бекітілуі автомобиль жолдарын күтіп-ұстаудың ашық әрі болжамды жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді, деп атап өтті "ҚазжолҒЗИ".
Мамандардың айтуынша, жаңа тәсіл автомобиль жолдарының нақты жай-күйін талдауға және оларды пайдалану тәжірибесіне негізделген. Құжатты әзірлеу барысында Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, автожол саласындағы салалық қауымдастықтардың, жол-құрылыс компанияларының, сондай-ақ тиісті мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардың ұсыныстары ескерілген. Бұл мемлекет, бизнес және салалық қатысушылардың мүдделері арасындағы теңгерімді қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Ұзақ әрі бекітілген мерзімдер жол жобаларының экономикасын өзгертіп, мердігерлермен атқарылатын жұмыстардың сапасы мен ұзақ мерзімділігіне тікелей әсер етеді деп күтілуде.
Бекітілген нормалар еліміз бойынша жол жұмыстарын жоспарлау, келісімшарттар жасау және объектілерді қабылдау кезінде негізгі базаға айналады.