Батыс Қазақстан облысы, Бәйтерек ауданының Макаров ауылында ұсақ шаруашылықтар кооперативке бірігіп жатыр.

Бар мүмкіндікті бір арнаға тоғыстыру нәтижесінде ауылда құс фабрикасы ашылды. Бау-бақша алқаптарының аумағы да ұлғайды. Нәтижесінде тұрғындар тұрмысын түзеп, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосып отыр.

Макаров ауылындағы шағын құс фабрикасы былтыр ашылды. «Ауыл аманаты» бағдарламасымен бой көтерген кәсіпорында 10 мыңдай тауық бар. Жергілікті 6 тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылған.

Әлібек Ғабдолов, ауылшаруашылық кооперативінің басшысы:

- Жеңілдетілген несиені «Ақжайық» корпорациясы арқылы алдық. Өзіміз 40-50 миллион теңге құйдық. 53 миллион теңгенің қалған қажетті құрал-жабдықтарына мемлекет қолдауы арқасында қол жеткіздік. Тауықтар осы айдың аяғында жұмыртқалайды деп күтіп жүрміз. 10 мың тауықтан күніне 9 мыңдай жұмыртқа алармыз деген жоспар бар.

Макаров ауылында биыл көкөніс алқаптарының аумағы ұлғайған. Негізгі дақыл — қырыққабат. Ауылшаруашылық кооперативіне кірген Ернар Ғиният осы арқылы өнім өткізуді жеңілдетуді көздейді. Төрт гектар алқаптан ол 100 тоннадай капуста жинайтынын айтады.

Ернар Ғиният, Макаров ауылының тұрғыны:

- Былтыр мен әртүрлі болды бағасы. 100-ден, 120-дан базарға көтерме бағамен тапсырдым, жәрмеңкеге апарып жүрдім. СПК тиімді ғой. Былтыр ауылдың жігіттері тапсырды. Жақсы деп жатыр СПК.

Ауылшаруашылық кооперативіне мүше болғандардың арасында жастардың көптігі қуантады дейді ауыл әкімі. Тек биылдың өзінде 5 тұрғынға 1 гектардан жер беріліпті.

Еркін Әбілкәкімов, Макаров ауылдық округінің әкімі:

– Әр тұрғын әр отбасы бір гектардан жер алып, негізінен бастысы капуста егумен айналысады осы жаз бойы. Бүкіл өнімді, егін өндіріп, күзде кооператив бұлардың өнімін өткізіп беруге көмектеседі. Қазір мына ақшаларын қолдарына береді. Қоймаға жинаймыз, сосын қоймадан әрі қарай Қарашығанаққа солай тапсырады. Бұл енді екінші бағыты кооперативтің.

Бүгінде кооператив құрамына Макаров ауылының 96 тұрғыны кірген. Оның 7-нің шаруа қожалығы бар. Былтыр «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша бөлінген 26 миллион теңгеге трактор мен тіркеме, орақ пен өзге де қажетті техника алған. Ал жалпы соңғы екі жылда Орал өңірінде 85 кооператив құрылып, қаржыландырылды.

Казбек Ұзықанов, «AQJAIYQ» ӘКК басқарма төрағасының орынбасары:

- Биыл аталған бағдарламаны жүзеге асыруға өңірге 5,5 млрд теңге қаралды. Бізде әр ауданда кооперативтер құрылған. Бір ауылдық округте бірнеше кооперативтен бар. Әу баста мақсатымыз сүтті мал шаурашылығын дамыту, сүт өндірісін өркендету болғандықтан, кооперативтердің басым бөлігі бағытта қызмет атқарады.

Биыл «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында ауылдағы ағайынның 816 жобасы қаржыландырылмақ.

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Қалыбек Акрап, Эльдар Аюпов.